Айдар Шәрібаевтың чемпиондық жекпе-жегі келесі аптаға қалдырылды

2017 ж. 21 сәуір
Айдар Шәрібаевтың чемпиондық жекпе-жегі келесі аптаға қалдырылды

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Айдар Шәрібаевтың 22 сәуір күні АҚШ-тың Нью-Джерси қаласында өтуі тиіс болған чемпиондық жекпе-жегі соңғы сәтте кейінге қалдырылды.

Естеріңізге сала кетейік, «Diamond Ring» боксшысы америкалық Захария Рэмсимен жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBA NABA вакантты белбеуіне таласуы тиіс болған. Алайда, соңғы сәтте америкалық боксшы кездесуден бас тартып, Айдармен айқасудан қашқақтады. Сондықтан, ертеңгі жекпе-жекті кейінге қалдыруға тура келді.

Енді Айдар шаршы алаңға келесі аптаның соңында, нақты айтқанда 28 сәуір күні Чикагодағы кәсіпқой бокс кешінде шығады. Қазіргі таңда Шәрібаевтың Америкадағы менеджерлері чемпиондыққа лайық қарсылас қарастыруда. Айқастың статусы өзгерген жоқ. Айдар жеңіл салмақ дәрежесінде WBA NABA чемпиондық белбеуіне таласады.

Соңғы жекпе-жегін 17 наурыз күні Майамиде өткізген Шәрібаевтің еншісінде бес айқаста бес жеңіс бар. Төрт қарсыласын нокаутпен жеңген ол бүгінде чемпиондық айқасқа кубалық маман Осмири Фернандестің қарамағында дайындалуда.

Текст: Sadvakas Maikibayev