Айдар Шәрібаев – Шетелдіктерге тәуелді болғым келмеді
Айдар Шәрібаев! Елімізге танымал былғары қолғап шебері. Бүгінде өз бағын кәсіпқой бокс рингінде сынауға бел буған. 14 мамыр күні Астана төрінде екінші жекпе-жегін өткізіп, жеңіске жетті.
2014 жылдан бері рингке шықпаған болатын. Енді, міне, қайыс қолғабын қолына қайта киіп, өз жерімізде Грузиядан келген Рубен Мовсесянды нокаутқа түсірді.
Айдар өмірде ақкөңіл, рингте айбынды жігіт қой. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп жүргені. Әрі қазақша қалай сөйлейді дейсіз. Кітапты көп оқитындығы білініп тұрады. Осы жекпе-жектен соң біраз тілдестік. Соның бір бөлігін қаз-қалпында назарларыңызға ұсынғымыз келеді. Қалғанын? Қалғанын әлі жазармыз. Жеңісі көп болған сайын айналып әлі соғармыз. Ал енді Айдарды «тыңдайық»:
– Жарамсақтанып мақтағаным емес, бірақ Diamond Ring компаниясына айтар алғысым шексіз. Себебі бұл компания қазақ боксшыларына жан-жақты жағдай жасап отыр. Мысалы, мен 2014 жылы Америкаға барып, жаттығу жиынын өткізіп, кәсіпқой бокс рингіндегі алғашқы жекпе-жегімді өткіздім. Сонда мені өздеріне шақырған промоутерлер мен бапкерлер аз болған жоқ. Әлі де ұсыныстар түсіп тұрады. Бірақ мен АҚШ-та қалмадым. Өйткені олардың ойлағаны – мені пайдалана отырып табыс табу. Ал менің шетелдіктердің «ойыншығына» айналмай, өз жерімде жүріп өнер көрсеткім келді.
Жақында Diamond Ring компаниясынан ұсыныс түсті. Маған Америкадағы кәсіпқой бокс мамандарының айтқанын осы отандық компания да айтып отыр. Яғни бәрін де шетелдіктерше меңгерген. Барлығы ескеріліп, қарастырылған. Барлығына деген көзқарас – нағыз кәсіби тұрғыда. Әрине, мен отандық компанияның ұсынысын қуана қабыл алдым. Өйткені Diamond Ring менің де жағдайымды ойлайды. Менімен санасады.
Шүкір, осылай, мұхит асып, шет елге барып, жаутаңдап жүрген жоқпын. Өз жерімде тер төгіп, екінші жекпе-жегіме дайындалдым. Әрине, шеберлігімді шыңдау үшін шет елдерге де барып, жаттығу жиындарын өткізіп, тәжірибе жинақтау керек екендігін білемін. Оған әзірмін де. Ең бастысы, мен шетелдіктерге тәуелді емеспін.
Кәсіпқой бокста Diamond Ring секілді отандық компаниялардың көбейе беруіне тілектеспін. Өйткені бізде күрзі жұдырықты, батыл жүректі боксшылар өте көп. Бәрінің бірдей әуесқой бокста бағы жанып жатқан жоқ. Америкаға барғанымда, олар маған «сіздерде сапалы материал бар» деп, рухты жігіттерімізге қызыға қарайтындықтарын білдірген. Міне, осындай қазақтың қайсар қырандарын қияға ұшырар өз промоутерлеріміз немесе промоутерлік компанияларымыз көбейе түссе екен деймін. Сонда қазақ боксшылары тиын-тебенге бола шетелдіктерге кіріптар болмайды.
Міне, екінші жекпе-жегімде де жеңіске жеттім. Ең бастысы һәм жауаптысы, өз жерімде, өз жанкүйерлерімнің алдында бақ сынадым. Сенімді ақтауға тырыстым. Ең бастысы, қазақ боксының абыройын асқақтата бергім келеді!