Айдар Шәрібаев пен Карлос Падильяның жекпе-жегі өтпейтін болды

2017 ж. 28 қазан
Айдар Шәрібаев пен Карлос Падильяның жекпе-жегі өтпейтін болды

Қазақстандық боксшы Айдар Шәрібаевтың жекпе-жегі келесі аптаға қалдырылды. Оның қарсыласы Карлос Падильяға дәрігерлер шаршы алаңға шығуға рұқсат бермей қойды.

Бүгін АҚШ-тың Коннектикут штатындағы Машантакет қаласында ертеңгі жекпе-жек кешінің салмақ өлшеу рәсімі өтіп, Айдар Шәрібаевтың қарсыласы колумбиялық Карлос Падильяның медициналық тексерістен өтпей қалғаны белгілі болды.

Осыдан бір апта бұрын екі боксшы да Майамиде алдын ала медициналық тексерістен өткен болатын. Ол кезде екеуінің де денсауылығы аттай еді. Алайда, Машантакеттегі дәрігерлер Падильяның ағзасында ауытқудың бар екендігін айтты. Мұндай жағдай салмақты дұрыс түсірмегеннен немесе тез арада түсіріп тастауға тырысқандықтан болады екен. Медициналық тексерістен өткеннен кейін жекпе-жек кешін ұйымдастырушылар колумбиялықтың басын қатерге тігуге болмайтындығын айтты. Өйткені, қатты соққы алып қалса, өміріне қауіп болады екен. Мұндай жағдай спортта болып тұрады. Енді жетінші жекпе-жегін келесі аптада өткізуге тырысамыз. Айдар әлі жанкүйерлерін жеңістерімен қуантады деп сенемін, – деді Шәрібаевтың промоутері Элвис Креспо.

Жерлесіміздің келесі қарсыласы алдағы уақытта жарияланады.

 

Текст: Sadvakas Maikibayev