Айдар Шәрібаев чемпиондық белбеу үшін Америкаға аттанды
Бүгін түнде қазақстандық кәсіпқой боксшы Айдар Шәрібаев оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін Майамиге аттанды. Жиын қорытындысы бойынша жерлесіміз АҚШ-та чемпиондық жекпе-жегін өткізеді.
Боксшымыздың чемпиондық айқасы наурыз айына жоспарланған. Әзірге қарсыласы белгісіз. Дегенмен, жеңіл салмақ дәрежесінде WBA Inter-Continental белбеуіне таласады деп күтілуде. Ал Майамиде Шәрібаев өзінің жеке бапкері Осмири Фернандестің қарамағында жаттығатын болады.
Алматы әуежайы арқылы ұшқан Айдарды достары мен жақын туыстары шығарып салып, алдағы жекпе-жегіне жеңіс тіледі.
– 2018 жылдан үлкен үміт күтемін. Төрт айқас өткізсем деймін. Қазір промоутерлерім айналысып жатыр. Сол төртеудің екеуі чемпиондық жекпе-жектер болуы тиіс. Осы орайда WBA Inter-Continental белбеуі кәсіпқой бокстағы карьерама үлкен серпін беріп, жаңа бағыттар ашады деп ойлаймын. Бұйыртса, осы жолы елге қалайда чемпиондық атақпен оралуға тырысамын, – деді Diamond Ring тілшісіне сұхбат берген Айдар Шәрібаев.
Естеріңізге сала кетейік, соңғы айқасын өткен жылдың қарашасында колумбиялық Даулис Прескоттқа қарсы өткізген жерлесіміз қарсыласын бірінші раундта-ақ нокаутқа түсірген. Осылайша, Айдар Шәрібаевтың еншісінде жеті жекпе-жек бар. Барлығында жеңіске жетіп, алтауында қарсыласын нокаутпен ұтқан.