Айдар Шәрібаев қарсыласын нокаутпен жеңді

2017 ж. 18 наурыз
Айдар Шәрібаев қарсыласын нокаутпен жеңді

Алты раундқа жоспарлаған жекпе-жек бесіншісінде тоқтады.

Бүгін АҚШ-тың Флорида штатындағы Тампа қаласында Diamond Ring боксшысы Айдар Шәрібаев кәсіпқой шаршы алаңдағы өзінің бесінші айқасын өткізіп, мексикалық Габино Котомен (19-7-1, 17 KO) жұдырықтасты.

Алғашқы секундтардан бастан тізгінді өз қолына алған Айдар өзінің сериялық соққыларының арқасында бірінші раундта-ақ қарсыласын нокдаунға жіберді. Шаршы алаңды жақсы сезініп, төрт бұрышты да меншіктеп алған жерлесіміз мексикалықты қашумен әлек етті. Төрт раундта да Айдардың айқын басымдығы байқалып, бесіншісінде Габино Кото айқасты жалғастырудан бас тартты. Төрешілер техникалық нокаут тіркеп, Шәрібаевтың қолын көтерді.

Sharibayev and Cota

Айдар Шәрібаев пен Габино Кото жекпе-жектен кейін

– Айқын жеңіске жетіп, жанкүйерлерімді қуантқаныма өте бақыттымын, – деді жекпе-жектен кейін ағынан жарылған Айдар Шәрібаев. – Негізі, айқас тағдырын төрешілердің қолына тапсырғым келмеді. Реті келсе, нокаутпен жеңуді көздедім. Дегенмен, қарсыласым да оңай шағылар жаңғақ емес екен. Құлату үшін біраз тер төгіп, шаршы алаңда тынбай алға атойлауым қажет болды. Әлбетте, Америкадағы алғашқы айқасымның осылай аяқталғанына қуаныштымын. Кубалық мамандармен (Осмири Фернандес және Лазаро Хименес – авт) екі ай бірге жаттыққаным осылайша өз жемісін беріп жатыр. Олардың әр тапсырмасын бұлжытпай орындауға тырыстым. Жаттықтырушылардың да маған көңілдері толды. Көрермендер де маған қол соғып, қошемет көрсетіп жатты. Демек, оларға да менің жұдырықтасуым ұнаған болар. Кейбірі тіпті, мені «екінші Головкин» деп жатты. Жеңісімді барша қазақстандықтарға, менің қолдаған жанкүйерлеріме арнаймын. Қазақтың көк туын Америкада көтергеніме қуаныштымын. Дегенмен, алда мені талай сынақ күтіп тұр. Отанымның намысын абыроймен қорғау үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын.

Айта кетейік, осылайша Айдар өзінің кәсіпқой бокстағы бесінші жекпе жегін өткізіп, бесеуінде де жеңіске жетіп отыр. Төртінші қарсыласын нокаутпен жеңді.

Текст: Sadvakas Maikibayev