АЙДАР АЙҚАСҚА ДАЙЫН

2017 ж. 26 қазан
АЙДАР АЙҚАСҚА ДАЙЫН

 

Алматылық кәсіпқой боксшы Айдар Шәрібаев пен Колумбиялық Карлос Падилья арасындағы жекпе-жекке екі күн қалды. Естеріңізге сала кетейік бұл кездесу 28-ші қазан күні Американың Коннектикут штатына қарасты Машантакет қаласындағы «Foxwoods Resort Casino»  кешенінде өтеді. Дәреже көтеру жекпе-жегі 8 раунттан тұрады.

Осы жекпе-жекке қызу дайындық жүргізіп жатқан Айдар жаттығудан қолы қалт еткенде біраз сауалымызға жауап берді

 

Айдар кәсіпқой рингтегі жетінші жекпе-жегің жақын қалды. Жағдайың қалай?

АЛЛА ға шүкір бәрі жақсы деп айтуға болады.  Алаңдайтын ештеңе жоқ.   Бәрінен қиыны күткен екен. Негізі шаршы алаңға қыркүйек айында шығу керек болғам. Бірақ созыла-созыла қазан айының аяғына бірақ барды.Енді міне сенбінің кешін сарыла күтіп жүрмін. (күлді)

Бокс жанкүйерлері де сенің кездесуіңді асыға күтіп жүргені анық. Алғашында қарсыласың мексикалық боксшы деп естіген едік. Алайда Колумбиялық жігітпен жұдырықтасатын болдың. Жалпы Карлос Падилья жайлы не айтар едің?

Иә, алғашында мексикалық боксшы деген ақпар тарағаны рас.Алайда жекпе-жекті ұйымдастырушылар соңғы сәтте Карлос Падильяны таңдапты. Біздің промоутерлік орталық қарсы болған жоқ. Жалпы бұл жерде үлкен мәселе жатыр. Егер бәрі біздің құзырымызда болса, ертең-ақ әлем чемпионы атағы үшін таласуға болатын еді. Бірақ кәсіпқой бокста бәрі сен қалағандай бола бермейді. Ал қарсыласым жайлы айтар болсам,  бұрын соңды естімегем. Бірақ қазіргі дамыған заманда  қарсыласты зерттеп білу соншалықты қиын емес. Кездесулерін көрдім, жеке статистикасына көз жүгірттім. Жалпы қарсыластың осалы болмайды. Карлос әлемдік сатыда менен төмен тұр демесеңіз, маған дейінгі қарсыластары менен жоғары болған. Және екі рет чемпиондық белбеу үшін шаршы алаңға шығыпты. Бірақ екеуінде де ұтылып қалған. Өте тәжірибелі боксшы. Енді барлығын шаршы алаң көрсетеді.

  Деррик САНТОС- РОСАРИО бапкердің қол астындағы бірінші кездесуің. Жаңа бапкер Айдардың ұрыс тактикасына қаншалықты жаңашылдық әкелді?

Деррик бапкермен жұмыс жасағаныма төрт айға жуықтап қалды. Көп нәрсе үйрендім. Әрине бокс әліппесін туған жерде оқып өстік енді ол мектепті ешкімнің өзгерте алмайтыны анық. Дегенмен әуесқой мен кәсіпқой бокстың арасы жермен көктей деп айтар едім.  Менің арман-мақсатымды, қарым-қабілетімді көріп білген соң, Росарио бапкер менімен шындап кірісті. Жасыратыны жоқ осыған дейінгі кездесулерімде қарсыласты құлатуды ғана ойлайтын едім. Бірақ Деррик бапкер тек соққыға ғана сенуге болмайтынын жете түсіндірді. Яғни 12 раунттық жекпе-жектерге дайын болу керектігін, күшті оңды-солды жұмсай бермей әр соққыны ойланып жұмсау керектігін жеткізді. Қысқасы жаңа бапкерден үйренгендерімді осы жолы шаршы алаңда көрсетуге тырысамын. Ең бастысы әдемі бокс көрсетіп, жеңіске жету басты мақсатым.

Бапкерің бір сөзінде Айдар салмақ ауыстырады дегенді айтыпты.

Иә салмақ ауыстыру ойда бар. Бұл өзім үшін тиімді. Біріншіден менің салмағымда әлемде 2 мыңға жуық боксшы бар.  Ал егер бір салмақ  төмен түсетін болсам ол жақта 1500 дей ғана спортшы. Яғни мен қазіргі көрсеткішімнің өзімен-ақ ол жерде 70-80- ші орынға көтерлетін боламын. Ал егер алдағы жекпе-жекте жеңіске жетсем оданда жоғарылауға мүмкіндік бар. Әрине салмақ түсіру оңай емес. Біраз тер төгуге тура келеді. Қиыншылықпен күресуден қашпаймын. Кәсіпқой боксқа келерде белді бекем буғам. Сондықтан алдыға қойған арман-мақсатыма жету үшін бәріне дайынмын.

Айдар Шәрібаевтың алдағы жекпе-жегін Қазақ жанкүйерлері көре ала ма?

Қазіргі таңда біздің промоутерлік орталық келіссөздер жүргізуде. Егер бәрі дұрыс болса отандық арналардың бірі көрсетіп қалуы мүмкін. Осы тұста айта кетейін жақында ғана жанкүйерлер «Хабар» арнасынан Бекман Сойлыбаевтың кездесуін тамашалай алды. Боксшыларға ғана емес барша қазақ жанкүйерлеріне осындай мүмкіндіктер сыйлаған  «Diamond Ring» компаниясының басшыларына айтар алғысым шексіз!

Алдағы жекпе-жекте жеңіске жетіп, елге аброймен оралуыңа тілектеспіз!

Көп рахмет!

Текст: Sadvakas Maikibayev