​Самат Жетібаев өзінен 100 позиция жоғары тұрған филиппиндік шебермен кездеседі

5 июня 2024 г.
​Самат Жетібаев өзінен 100 позиция жоғары тұрған филиппиндік шебермен кездеседі

RingKZ порталы 8 маусым күні Шымкентте өтетін бокс кешіне қатысатын спортшыларды таныстыруды жалғастыруда. Бүгін main card, яғни жекпе-жектердің негізгі бағдарламасында қолғап түйістіретін Самат Жетібаев – Адриан Лерасан туралы мәлімет ұсынуды жөн көрдік.

Кәсіпқой рингте жеңілмеген Самат

Орта салмақтағы (53,5 келіге дейін) жекпе-жек бокс кешінің негізгі бағдарламасын ашады. Қазақстандық Самат Жетібаев (6-0, 4 КО) филиппиндік Адриан Лерасанмен (13-6, 6 КО) кездеседі. Әрине көрермен қазақстандық боксшыға жанкүйер болады. Дегенмен жекпе-жек оған оңай соқпауы мүмкін.

Самат үшін алдағы кездесу кәсіпқой рингтегі 7-жекпе-жегі. Бұған дейінгі 6 жекпе-жекте ақтаулық спортшы сөзсіз жеңіске жетіп отырды. Ол кәсіпқой бокстағы жолын 2021 жылы бастады. 27 жастағы боксшы Ақтаудың тумасы.

Қазіргі кезде BoxRec мәліметі бойынша Самат өз салмағында 1 мың боксшының арасында 178-орында тұр, рейтингі – 1,5 жұлдыз. Қарсыласын нокаутқа жіберу пайызы 67-ге тең.

Жақында Самат Жетібаев Астанада өткен әуесқойлар арасындағы «Елорда кубогы» турнирінде өнер көрсетіп, 1/8 финалда Кәрім Серкебаевқа есе жібергенін айта кетейік. Оның үстіне Саматтың жеңілісі оның туған күні 13 мамырда тап болды.

Жас әрі тәжірибелі қарсылас

Жетібаевтың жасы үлкен болғанымен, 25 жастағы Адриан Лерасан қарсыласына қарағанда кәсіпқой рингте 3 есе көп жекпе-жек өткізген.

Филиппиндік боксшыны оңай қарсылас деп атауға мүлдем болмас. Соңғы 5 жылда ол 8 жекпе-жек өткізіп, оның 6-ында жеңіске жеткен. Лерасан жеңілген екі жекпе-жекке беделді BoxRec сайты екі жұлдызбен баға берген. Осы тұста Жетібаевтың карьерасында екі жұлдызды жекпе-жек әлі болмағанын айта кетейік.

Бұдан бөлек жеңіл салмақтағы боксшыларға арналған BoxRec рейтингінде Лерасан Саматқа қарағанда 100(!) позицияға жоғары, яғни 78-орында тұр. Бұл да Жетібаевтың рингке барынша дайындалып шығуы керек дегенді білдіреді.

Айта кетейік, жақында Лерасан IBO әлем чемпионы атағы үшін таласуға мүмкіндік алып, шешуші кездесуде оңтүстік африкалық Рикардо Малажикеге жеңіліп қалған болатын.

Бокс кешінің басқа қатысушылары туралы «RingKZ Шымкенттегі бокс кешінің қатысушыларын ұсынады» мақаласынан, ал жекпе-жектері негізгі кардқа енген қазақ боксшылары туралы «Шымкенттегі бокс кешінің басты кардында кімдер кездеседі» мақаласынан оқи аласыз.