Қазақстандық боксшы Zhanibek Alimkhanuly (17-0-0, 12КО) орта салмақтағы WBO чемпионы атағынан ресми түрде бас тартып, екінші орта салмаққа ауысу туралы шешім қабылдады. Осыған байланысты бұған дейін уақытша чемпион мәртебесін иеленген британдық Denzel Bentley (22-3-1, 18 КО) WBO нұсқасы бойынша толыққанды әлем чемпионы болып жарияланды.
31 жастағы Бентли уақытша белбеуді биыл сәуір айында Эндри Сааведраны (17-2-1, 14 КО) жетінші раундта тоқтату арқылы жеңіп алған еді. Енді британдық боксшы ешқандай қосымша жекпе-жексіз ұйымның негізгі чемпионы мәртебесіне көтерілді. Бір қызығы, 2022 жылы Бентли Жәнібекпен жұдырықтасып, он екі раундтың қорытындысы бойынша төрешілер шешімімен жеңілген болатын.
Әлімханұлы орта салмақта WBO және IBF белбеулерін біріктіріп, дивизионның жетекші боксшыларының біріне айналды. Алайда Erislandy Lara (31-3-3, 19КО) өтуге тиіс біріккен чемпиондық жекпе-жек алдында оның допинг сынамасынан тыйым салынған зат анықталды. Кейін IBF қазақстандықты өз атағынан айырса, WBO бір жылға шеттеткенімен, чемпиондық мәртебесін сақтап қалған еді. Енді Жәнібектің салмақ ауыстыру туралы шешімі бұл мәселеге нүкте қойды.
Екінші орта салмақтағы жағдай да аса қызық. Теренс Кроуфорд (42-0-0, 31 КО) Сауль «Канело» Альваресті (63-3-2, 39 КО) жеңіп, абсолютті чемпион атанғаннан кейін мансабын аяқтап, белбеулерін босатты. Соның нәтижесінде дивизионда төрт жаңа чемпион пайда болды.
Қазіргі таңда WBA белбеуі мексикалық Jaime Munguia (46-2-0, 35 КО), WBC атағы француз Christian Mbilli (29-0-1, 24КО), IBF белбеуі кубалық Osleys Iglesias (15-0-0, 14КО), ал WBO титулы британдық Hamzah Sheeraz (23-0-1, 19 КО) тиесілі. Демек, Жәнібек жаңа салмақта бірден бірнеше ықтимал чемпиондық бағыттың бірін таңдай алады.
Әлімханұлының екінші орта салмаққа келуі дивизиондағы күштер тепе-теңдігін өзгертуі мүмкін. Бірақ оның рингке нақты қашан оралатыны мен қай ұйымның бағытын таңдайтыны әзірге белгісіз.