Жын ба, пері ме? Төсекке таңылып жатқан Василий Ломаченко жарақатынан толық айықты
Расымен де, шын ба, пері ме? Василий Ломаченко жайлы айтып отырмыз. Желтоқсан айына дейін шаршы алаңға шыға алмайды деген украиналық боксшы келесі жекпе-жегін тамыздың соңында өткізетінін мәлімдеді.
Бұл туралы боксшы өзінің инстаграмдағы жеке парақшасында жазды.
«Сонымен, мен ораламын. Жекпе-жек 25 тамызда. Қалай ойлайсыздар, қарсыласым кім болмақ?», – деген жазба қалдырған Василий Ломаченко көпшілікті таңғалдырды.
Ал жазбаның астындағы пікірлерде жанкүйерлері Джервонта Дэвис, Майки Гарсия, Орландо Салидо, Реймундо Бельтран деп әртүрлі боксшыларды ұсынып отыр.
Дегенмен, бізді Ломаченконың мамыр айының соңындағы отадан кейін жылдам жазылып кеткені таңғалдырады. Расымен де, жарақатын ұзақ уақыт емдейтін боксшылар үшін үлгі боларлық жайт. Әу баста, промоутері Фрэнк Уоррен боксшы кем дегенде желтоқсан айында ғана шаршы алаңға шығады дегенімен, кейін оның адам баласына тән емес жылдамдықпен жазылып келе жатқанын да жеткізген. Енді мұны боксшының өзі де айғақтады.