World Boxing Super Series өзін қаншалықты ақтап жатыр?

2018 ж. 23 қаңтар
World Boxing Super Series өзін қаншалықты ақтап жатыр?

Кәсіпқой бокс әлемінің тынысын жаңаша ашқан бұл жобаның да басталғанына бір жылға жуықтап, шарықтау шегіне жетті. Екінші орта салмақ пен бірінші ауыр салмақ үздіктерінің басын қосқан World Boxing Super Series өзін қаншалықты ақтап жатыр? Болашағы қандай? Бүгін осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.

Осы батыстың «шалдарына» қайран қаласың. Зейнетке шықса да жатпайды ғой. Мәселен, кәсіпқой бокста талайды көрген немістің Вилфрид Зауэрленд деген абыз ақсақалы бар. Биыл 78-ге толады. 2010 жылы Боксшылардың халықаралық даңқ залына кіргенімен тыншыған жоқ. 2009 жылы «Супер алтылық» турнирін ұйымдастырған да сол. Андре Уордтың атын асқақтатқан турнирден кейін кәсіпқой боксқа қызығушылық та еселеп артты. Содан, былтыр америкалық әріптесі промоутер Ричард Шафермен бірлесіп, World Boxing Super Series жобасын қолға алды. 72,6 және 90,8 салмақ дәрежелерінің үздік сегіз боксшыларын жинаған Зауэрленд пен Шафер «Шоутайм» телеарнасымен келісіп, ғаламат шоуды дүниеге әкелді.

Жүлде қоры – 50 миллион доллар. Жеңімпаз Мұхамед Әли атындағы арнайы кубокпен бірге 10 миллион долларға ие болады. Былтыр бірінші маусымның ширек финалы өтті.

72,6 келі салмақ дәрежесінің британдық дербиінде Джордж Гроувз төртінші раундта Джейми Кокс ты нокаутқа түсірсе, тағы бір британдық Крис Юбенк түрік Айни Йылдырымды 3-ші раундта құлатты. Ағылшын Каллум Смит швед Эрик Скоглундты жеңсе, неміс Юрген Бремер америкалық Роб Бранттан басым түсті. Енді жартылай финалда Гроувз – Юбенк және Смит – Бремер текетірестерінің куәсі боламыз. Алғашқы жұп 17 ақпанда, екіншілері келесі айдың 24-інде шаршы алаңға шығады.

Бірінші ауыр салмақ дәрежесіндегі жекпе-жектер тіптен қызық және тартысты. Ширек финалда украиналық Олександр Усик пен неміс Марко Хук кездесіп, Усик 10-раундта нокаутпен жеңді. WBC чемпионы латвиялық Майрис Бридис кубалық Майк Пересті жеңді. Ресейлік Мурат Гассиев польшалық Кшиштоф Влодарчикті үшінші раундта құлатты. Ал тағы бір кубалық Юниер Дортикос екінші раундта-ақ ресейлік Дмитрий Кудряшевті сұлатып салды. Енді жартылай финалда Усик – Бридис және Гассиев – Дортикос жекпе-жектерін тамашалаймыз. Алғашқы жұптың айқасы осы айдың 27-сіне жоспарланған. Ал екіншілері ақпанның 3-інде айқасады.

Иә, World Boxing Super Series жанкүйерлер үшін тамаша жоба. Әшейінде бір-бірімен кездесе бермейтін боксшылар ұзақ келіссөзсіз-ақ бір-бірімен айқасып жатады.

Дегенмен, әлі де жетілдіретін тұстары көп. Мысалға, жоба барлық мықтыларды тарта алмаған. Мәселен, мексикалық Хильберто Мартинес, америкалық Андре Диррел, британдық Джэймс ДиГэйл, поляк Криштоф Голвацки, ресейлік Денис Лебедев сынды мықтылар әртүрлі себептерге байланысты жобадан тыс қалған. Бірақ, World Boxing Super Series алдағы жылдарда да тұрақты түрде өтіп тұрса, барлық мықтылардың басын қосуға болар еді. Бұл жоба әсіресе, орта салмақ дәрежесімен жартылай орта салмаққа өте қажет.

Текст: Sadvakas Maikibayev