World boxing super series: Усиктің қарсыласы кім болар екен?

2018 ж. 2 ақпан
World boxing super series: Усиктің қарсыласы кім болар екен?

Ертең түнде Сочиде ресейлік Мурат Гассиев пен кубалық Юниер Дортикос шаршы алаңға шығып, ауыр салмақ дәрежесінде Дүниежүзілік бокс сериясының финалына шыққан екінші боксшыны анықтайды. Бұл ақпан айының басты айқасы.

Жекпе-жекті тікелей эфирден «Матч ТВ» арнасынан көруге болады. Ал билеттердің ең арзаны біздің ақшамен 17 мың теңге. Ал VIP орындардың құны 260 мың теңгеден басталған. Жә, бізге ол жағы қызық емес, шаршы алаңнан не күтетінімізді ортаға салсақ.

Иә, екі боксшы да өте мықты. Әлі күнге жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген. Бір-бір чемпиондық белбеудің иегері. Ресейліктің еншісінде IBF белбеуі бар, кубалық WBA үздігі. Соққылары да жойқын. Мәселен, Гассиев 25 кездесуінің барлығында жеңіске жетіп, оның 18-інде қарсыласын нокаутқа түсірген екен. Дортикос 22 айқасының барлығында қарсыласынан басым түсіп, оның 21-ін ерте аяқтаған. Сондықтан, қай боксшының жеңіске жететінін тап басып болжау қиын. WBSS жобасының басты ерекшелігі осында болса керек. Ешкімнен жеңіліп көрмеген мықтыларды бір-бірімен жолықтырып жатыр.

Гассиевтің кемшілігі.

Мураттың ауыр салмақ дәрежесіне ауысқанына көп болған жоқ. Соған қарамастан мамандар оның шаршы алаңда баяу қимылдайтынын айтады. Сериялық шабуылдардан гөрі жалғыз ауыр соққыға басымдық береді.

Дортикостың кемшілігі.

31 жастағы боксшы үшін бұл небәрі үшінші 12 раундтық жекпе-жек. Яғни, 22 кездесу өткізгенімен үлкен айқастарға шыға бастағанына көп бола қойған жоқ. Ешқашан 12 раундты толық өткермегендіктен жекпе-жектің екінші жартысына қарай аздап шаршағандығы да байқалуы ғажап емес.

Гассиевтің артықшылығы.

Дәл осы айқастағы ең басты артықшылығы – жекпе-жектің Ресейде өтетіндігінде болар. Шаршы алаң қожайыны ретінде жанкүйерлерінің қолдауынан қуат алуы тиіс. Сондай-ақ, Гассиевті жақсы білетіндер оны өте шыдамды деседі. Өзі де ауыр соққыларға жақсы төтеп бере алады. Мұны біз Денис Лебедевпен болған жекпе-жегінде байқадық. Сонымен қатар, шаршы алаңда өте байсалды. Асығыс шешім қабылдамайды.

Дортикостың артықшылығы.

Кубалықтың Гасииевке қарағанда тәжірибесі мол. Кәсіпқой боксқа келгенше әуесқой бокста да біраз жетістікке жетіп, Бостандық аралындағы үздіктердің бірі болған. Бойлары шамалас болғанымен Юниердің қолы едәуір ұзындау. Әсіресе оң қолымен құлаштап соққы жасағанда кез-келген боксшың аман қала бермейді. Шаршы алаңда шапшаңырақ қимылдап, өзін ауыр емес, орта салмақтың боксшылары секілді сезінеді.

Біздің болжам

Кімнің жеңетінін тап басып айту қиын. Екеуі де мықты. Жекпе-жек 12 раундқа созылуы әбден мүмкін және Усик пен Бриедистің айқасына қарағанда бұл жекпе-жекте нокаут болмаса да, нокдаунды көріп қалуымыз ғажап емес.

Текст: Sadvakas Maikibayev