World Boxing Super Series – Гроувз бен Смиттің финалы сиырқұйымшақтанып кетті

2018 ж. 30 мамыр
World Boxing Super Series – Гроувз бен Смиттің финалы сиырқұйымшақтанып кетті

Дүниежүзілік бокс суперсериясы шарықтау шегіне жетіп, финалдық жекпе-жегі сиырқұйымшақтанып кетті. Бұл бірінші ауыр салмақ дәрежесіне де, екінші орта салмаққа да қатысты.

Дегенмен, бірінші ауыр салмақ дәрежесінде украиналық Александр Усик пен ресейлік Мурат Гассиев арасындағы айқастың футболдан Әлем чемпионатынан кейін 22 шілде күні өтетіні белгілі болды. Ал екінші орта салмақтағы британдық қос мықты Джордж Гроувз бен Каллум Смит арасындағы жекпе-жектің датасы әлі күнге шешілген жоқ.

Әу баста финал мамыр айында өтуі тиіс болған. Бірақ, Крис Юбенкке өткен жартылай финалда иығын жарақаттап алған Гроувз финалды кейінге шегеруді сұраған. Ұйымдастырушылар боксшының өтінішін қабыл алып, айқасты шілде айына қалдырды. Алайда, Джордждың жазылатын түрі көрінбеген соң орнына Юбенкті шығару туралы мәселені талқылады. Тек соңғы сәтте ғана Гроувздың кандидатурасына қайта оралып, жекпе-жек тамыз айының соңында немесе қыркүйекте ұйымдастырылатын болып шешілді.

Әзірге финалдың қайда өтері белгісіз. Дегенмен, әртүрлі ақпарат көздері Ұлыбританияда ұйымдастырылатынын айтады.

Естеріңізге сала кетейік, бұл жекпе-жекте Мұхаммед Әли атындағы кубок қана емес, WBA super, ІВО және WBC Diamond чемпиондық белбеулері де сарапқа салынады.

Текст: Sadvakas Maikibayev