WBSS. Джордж Гроувстың финалдағы қарсыласы – Каллум Смит

2018 ж. 25 ақпан
WBSS. Джордж Гроувстың финалдағы қарсыласы – Каллум Смит

Дүниежүзілік бокс сериясында екінші орта салмақ дәрежесінің финалында Джордж Гроувсқа қай боксшының қарсылас атанатыны анықталды. Кеше Германияның Нюрнберг қаласында өткен кәсіпқой бокс кешінде британдық Каллум Смит голландиялық боксшы Ники Хольцкенді жеңді.

Негізі, бұл жартылай финалда қай боксшының жеңіске жететіні бірнеше күн бұрын-ақ белгілі болып қойған. Әу баста Каллум Смит неміс боксшысы Юрген Бремермен жұдырықтасуы тиіс болатын. Сол үшін де шоу Германияда ұйымдастырылатын болып шешілген. Жергілікті көрермен де неміс боксшысына жанкүйер болу үшін билет алған шығар. Алайда, жекпе-жектің басталуына бес күн қалғанда тұмау тиіп ауырып қалған Бремер бұл айқастан бас тартты. Ұйымдастырушылар жедел түрде орнына басқа боксшы іздеуге мәжбүр болып, Голландиядан 34 жастағы Нико Хольцкенді жетектеп әкелді.

Рас, Нико бұған дейін ешқашан жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген боксшы еді. Кәсіпқой бокста 12 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Оның 10-ын нокаутпен ұтқан. Бірақ, ешқашан чемпиондық жекпе-жек өткізіп көрмеген боксшы. Оның үстіне, ғұмырында 12 раундтық айқасқа дайындалмаған. Сонымен, төрт күннің ішінде қай дайындығын пысықтай қойсын, Хольцкен заңды түрде ұтылып қалды. Қайта нокаутқа түспегеніне шүкір. Кім біледі, бәлкім, ұйымдастырушылар да Смиттен қарсыласын құлатпауын сұраған шығар.

Осылайша кешегі кеште екі төреші 117-111 есебін тіркесе, біреуі 118-110 нәтижесін көрсетті. Ал залда жанкүйерлердің қарасы аз болып, WBSS жобасының ең сәтсіз жекпе-жек кеші болды.

Енді 2 маусымға жоспарланған финалда жекпе-жектерінің санын 23-ке жеткізіп, барлығында жеңіске жеткен Каллум Смит өзінің отандасы Джордж Гроувспен айқасады. Мен екіншісіне бәс тігем. Бәлкім, нокаутты да көріп қалармыз.

Текст: Sadvakas Maikibayev