WBC Бекман Сойлыбаевтың келесі қарсыласын жариялады

2017 ж. 9 мамыр
WBC Бекман Сойлыбаевтың келесі қарсыласын жариялады

Қазақстандық боксшы Бекман Сойлыбаевтың екінші жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBC International чемпиондық белбеуіне таласатын боксшы анықталды.

Бірден айта кетейік, Дүниежүзілік бокс кеңесінің ережесі бойынша Бекман Сойлыбаев чемпиондық белбеуін міндетті түрде алты айдың ішінде қорғауы тиіс. Оның міндетті қарсыласы – аргентиналық Горацио Кабрал. 28 жастағы бұл боксшы WBC International Silver. Кәсіпқой шаршы алаңда 19 айқас өткізіп, соның 18-інде жеңіске жеткен. Бір ғана жеңілісі бар. Сегіз кездесуін нокаутпен аяқтаған. Екінші жеңіл салмақ дәрежесінде әлем бойынша 48-орында.

Жалпы, WBC International чемпиондық белбеуі кәсіпқой боксшының карьерасындағы трамплин іспеттес. Бұл белбеу өз салмағында әлем бойынша үздік 15 боксшының қатарынан көрінуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ары қарай тікелей чемпиондық атаққа жол ашады.

Қазір Бекман Сойлыбаевтың еншісінде 11 айқас бар. Барлығында жеңіске жетіп, соның төртеуінде қарсыластарын нокаутқа жіберген. Соңғы айқасын 30 сәуір күні Мексиканың Чиуауа қаласында өткізіп, венесуэлалық Самуэл Гонсалесті ұтуы арқылы екінші жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBC International чемпиондық белбеуін жеңіп алған.

Текст: Sadvakas Maikibayev