WBA Asia ұйымы Алматыдағы бокс кешін жоғары бағалады
WBA Asia сайты 21 қыркүйек күні Алматыда өткен бокс кешін жоғары бағалады. Кештің басты жекпе-жегінде қазақстандық Руслан Мәдиев пен ресейлік Тигран Согоян жұдырықтасып, жартылай орта салмақтағы WBA Asia белдігін сарапқа салған болатын. Сондай-ақ аталған ұйымның бас хатшысы Вон Ким бокс кешіне арнайы қатысқан еді.
Жас боксшыларға жол ашқан жекпе-жектер
Алматыда халықаралық деңгейде дүркіреп өткен бокс кешін ұйымдастыруға отандық Irfin Promotions промоутерлік компаниясы мұрындық болды. Бағдарламаға 8 жекпе-жек еніп, оның әрқайсысында болашағынан көп үміт күттіретін Қазақстанның талантты жас кәсіпқой боксшылары Ресей, Қырғызстан, Грузия, Танзания, Өзбекстан және Үндістаннан келген қарсыластарымен қолғап түйістірді.
Ал кештің басты айқасында қарағандылық Руслан Мәдиев (16-2, 6 КО) пен ресейлік Тигран Согоян (7-1-1, 4 КО) жартылай орта салмақтағы WBA Asia белдігін сарапқа салды. Аса тартысты өткен жекпе-жекте боксшылар жоспарланған 10 раунд толық жұдырықтасып, қазақстандық боксшы төрешілердің бірауыз шешімімен жеңіске жетті – 99:92; 100:90; 98:92.
Бұл – отандасымыздың кәсіби бокстағы 18-ші жекпе-жегі және 16-шы жарқын жеңісі. Ал Согоян болса алғаш рет жеңілістің кермек дәмін татты. Кездесуде WBA Asia-ның ең беделді рефериі Чалерм Прайадсаб (Таиланд) жұмыс істеді. Ал жекпе-жектің супервайзері WBA Asia бас хатшысы Вон Ким болды.
Ұйымның берген бағасы және нәтижелі серіктестік орнату
Алматыдағы бокс кеші туралы ақпаратты WBA Asia ұйымының ресми сайты «Алматы, Руслан Мәдиев Тигран Согоянды ұпай санымен жеңді» деген тақырыппен жариялады. Ақпаратта жекпе-жектерге қатысты былай делінген:
«Алматы, Руслан Мәдиев Тигран Согоянды ұпай саны бойынша жеңді. Екі боксшы да өздерін жақсы қырынан көрсетіп, жоғары деңгейде жұдырықтасып шықты. Алматыдағы бокс кешін Irfin Promotions компаниясы жоғары деңгейде ұйымдастырды. Біз Қазақстанда болашақта жұлдыз болатын әлеуетті боксшылар бар екеніне көз жеткіздік және WBA Asia-мен бірге Қазақстандағы бокс нарығының дамитынына сенімдіміз! Керемет жұмыс!».
Осылайша, жоғарыда айтылған сөздерге сүйенсек, WBA Asia Irfin Promotions промоутерлік компаниясының ынтымақтастық орнатсақ деген ұмтылысын қолдай отырып, ұзақмерзімді серіктестікті дамытуға ниетті.