WBA Asia Бас хатшысы Алматыдағы бокс кешіне қатысады
Осы күндері өтіп жатқан WBA Asia конвенциясында қазақстандық Irfin Promotions промоутерлік компаниясы 21 қыркүйекте Алматыда өткізетін бокс кешіне WBA Asia Бас хатшысының сапары туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Айта кетейік, 9-11 тамыз аралығында Вьетнамның ең үлкен қаласы Хошиминде WBA Asia конвенциясы өтіп жатыр. WBA Asia дегеніміз - Орталық Азияда, Океанияда, Пан-Тынық мұхиты аймағында, Еуразияда, сондай-ақ Оңтүстік-Шығыс және Қиыр Шығыс елдерінің кәсіби боксшыларын біріктіретін ұйым. Басқаша айтқанда, бұл WBA – Дүниежүзілік бокс қауымдастығының континентальды тармағы. WBA Asia штаб-пәтері Оңтүстік Кореяның астанасы Сеулде орналасқан. Бұған дейін бұл кәсіпқой бокс ұйымы Еуразиялық-Тынық мұхиты бокс кеңесі (EPBC) атымен белгілі болған.
Хошиминдегі Конвенцияға қатысып жатқан жалғыз қазақстандық қатысушысы отандық Irfin Promotions промоутерлік компаниясының бас директоры Бағдәулет Төреханов болды.
Сапардың алғашқы нәтижесінің бірі ретінде WBA Аѕіа Бас хатшысы Вон Киммен келіссөздер деп атауға болады. Атап айтқанда, оның 21 қыркүйекте Алматыда өтетін бокс кешіне келуі талқыланды. Себебі бокс кешінің басты жекпе-жегінде тайландық Киттисак Клинсон (8-1, 5 КО) мен қазақстандық Руслан Мадиев (15-2, 6 КО) кездеседі. Боксшылар жартылай орта салмақтағы (66,7 келіге дейін) WBA Asia чемпионы болу үшін қолғап түйістіреді.
Келіссөз нәтижесінде WBA Asia Бас хатшысы Вон Ким Алматыға келуге келісім берді. Сондай-ақ ол Клинсон мен Мәдиев арасындағы титулдық жекпе-жектің супервайзері болады.
Өздеріңіз білетіндей, 21 қыркүйекте Алматыда бокс кешінде 8 жекпе-жек өтеді. Олардың әрқайсысында қазақстандық қатысушыға шетелдік боксшы қарсылас болады.
Бес жекпе-жектен тұратын бағдарламаның бірінші бөлімінде әуесқой бокста жетістікке жетіп, енді кәсіпқой алаңда алғашқы қадамдарын жасап жатқан жарқын боксшылар шығады.
Ал main card аясында өтетін басты жекпе-жектерде Нұрдос Төлебай (12-0, 10 КО), Елшат Нығметолла (19-0-1, 6 КО) және WBA Asia чемпиондық титулына үміткер Руслан Мәдиев (15-2, 6 КО) сияқты танымал қазақстандық кәсіпқой боксшылар өнер көрсетеді.