Усик – Бриедис. Қос чемпионның айқасы

2018 ж. 24 қаңтар
Усик – Бриедис. Қос чемпионның айқасы

Қаңтардың 27-сі күні Латвия астанасы Ригада ауыр салмақ дәрежесінің қос чемпионы – WBC белбеуінің иегері жергілікті Майрис Бриедис пен WBO белбеуінің қожайыны украиналық Александр Усик шаршы алаңға шығып, Дүниежүзілік бокс суперсериясының (WBSS) финалына шығатын алғашқы боксшыны анықтайды.

Екеуі де бұған дейінгі барлық кездесулерінде қарсыластарын қоғадай жапырып келе жатқан боксшылар. Мәселен, Усик 13 айқасының барлығында жеңіске жетіп, 11 жекпе-жегінде қарсыласын құлатқан болса, Бриедис 23 жеңісінің 18-інде нокаутқа қол жеткізген. Яғни, қай жеңгені финалдың жолдамасынан бөлек, өз белбеулеріне тағы бір чемпиондық атақ қосатын болады.

Сондықтан, осы айқаста екеуінің біреуі статистикасын бүлдіретін болады. Тең есеп те тіркелмейтіні белгілі. Өйткені, WBSS ережесі бойынша, боксшылар арасында тең есеп тіркелсе, онда төртінші төрешінің қағазындағы сандарға жүгінеді. Әлбетте, кімнің жеңетінін дөп басып болжау қиын. Көпшілік Усиктің мықтылығын айтады. Бірақ, Бриедистің де өз жерінде, өз жанкүйерлерінің алдында шаршы алаңға шығатынын ұмытпауымыз қажет.

Негізі, екеуінің жұдырықтасу мәнері ұқсас. Екеуі де қарсыласын ұзақ арбап, асықпай «асағанды» жақсы көреді. Дегенмен, украиналықты жылдамдығы ерекшелендіреді. Өзіне соққы дарытпай, аяқтың ұшымен қимылдай жүріп, алдымен шаршатып алғанды жөн көреді. Содан кейін ғана құлатады. Біздің де болжамымыз сол – жекпе-жек кемі 10-шы раундқа дейін баратын шығар деп отырмыз.

Ал әзірге екі боксшы да Ригада. Кездесу алдындағы рәсімдерге қатысып, өз мықтылықтарын көрсетіп бағуда.

Текст: Sadvakas Maikibayev