Усик абсолютті салмаққа ауыса ма, әлде Тонимен төбелесе ме?

2018 ж. 3 тамыз
Усик абсолютті салмаққа ауыса ма, әлде Тонимен төбелесе ме?

Осыдан екі аптадай бұрын Дүниежүзілік бокс супер сериясында жеңімпаз атанып, ауыр салмақтағы барлық чемпиондық белбеулерді еншілеген украиналық Олександр Усиктің келесі қарсыласы ұлыбританиялық Тони Белью болуы әбден мүмкін.

Шыны керек, Усик үшін «крузерде» лайықты қарсылас қалған жоқ. WBSS жобасының арқасында шығар, барлық мықтылармен кездесіп, өзінің үздік екендігін сөз жүзінде емес, іс жүзінде дәлелдеді. Қазір ол WBC, WBA, WBO, IBF және IBO чемпиондық белбеулерінің иегері. The Ring журналының чемпиондық белбеуі де Усикке тиесілі. Былай қарасаң, украиналық осы салмақтағы кез келген боксшыны маңдайынан шертіп тұрып таңдауға құқы бар. Бірақ, абсолютті чемпион ретінде Олександр да жаңа белестерді бағындырып, жаңа сынақтарды көргісі келетіні анық. Осы орайда оған аса ауыр салмаққа ауысып, Энтони Джошуа, Александр Поветкин, Деонтей Уайлдер сынды саңлақтарды шаршы алаңға шақырған дұрыс шығар. Бұл бірінші вариант. Болашақта Усиктің бәрібір алыптар салмағына өтетіні анық. Ал әзірге оны «крузерде» тағы бір қызықты жекпе-жек күтіп тұрған секілді. Украиналық осы жылдың соңына таман ұлыбританиялық Тони Бельюмен төбелесуі мүмкін.

– Мен дайынмын. Маған бұл айқас қызық. Рас, қаржы жағынан пайда таппайтын да шығармын. Алайда, төрт белбеуді бірден бір жекпе-жекпен жеңіп алуға мүмкіндік туып тұр, – деген болатын бұл туралы Тонидің өзі.

Негізі, Бельюдің өзі де кезінде біраз жыл «крузерде» жұдырықтасқан. Тіпті, WBC, WBO тұжырымдары бойынша чемпион да болған. Аса ауыр салмаққа ауысқаны кеше ғана. Сондықтан, салмақ қуса, 90 келіге түсе алары анық. Тонимен төбелесуге украиналықтың да командасы қуана келісіп тұр. Бұл жекпе-жек осы жылдың соңында Лондонда өтуі әбден мүмкін. Ал жеңіп жатса, Олександр Усик артқа еш қарайламастан, нағыз қаһарман ретінде аса ауыр салмақ дәрежесіне ауыса беруге болады.

Текст: Sadvakas Maikibayev