Triple G – Canelo қарымта айқасы қандай жағдайда өтпей қалуы мүмкін?

2018 ж. 5 шілде
Triple G – Canelo қарымта айқасы қандай жағдайда өтпей қалуы мүмкін?

Бұл 2018 жылдың сәуірінде түсірілген сурет. Сауль Альварес тізесіне атроскопиялық ем жасатқан. Алайда, қарымта айқастың алдында да Канело аяғын ауырсынатынын жасырған жоқ.

Жалпы, Сауль Альварес жарақатқа жақын боксшылардың қатарынан. 2014 жылы, тіпті, тобығынан да жарақат алып, жоспарлап қойған жекпе-жегін кейінге қалдырған. 2016 жылы да солай болды. Тіпті, былтыр қыркүйекте Головкинге қарсы да жарақатымен алаңға шыққан деген әңгіме бар. Оң қолын жарақаттап алып, шаршы алаңға арнайы басқа қолғап киіп шыққан екен. Расымен де кейін ауруханаға жатып шыққаны да бар. Ал биыл сәуір айында оң аяғындағы тізесіне атроскопиялық ота жасатып, артық еттерін алып тастаған.

Қазір тізесінің жарақаты қаншалықты мазалайтынын білмедік. Бірақ, жақында журналистің «Головкинге қарсы кездесуде жарақатыңыз мазаламай ма?, – деген сұрағына «Қазір бәрі жақсы. Аяғым ауырмайды. Ал егер ауырса, менде «Б» жоспары бар. Әлбетте, оған жеткізбейміз», – деп ойлаймын деді Канело.

Сонымен, «мексикалық сары бала» тағы да жарақат жайлы әңгіме қозғады. Расымен де, ауырсына ма, әлде бұл жекпе-жек алдындағы сылтау ма, оны уақыты келгенде білеміз.

Текст: Sadvakas Maikibayev