Теміржанов тізерлетті – Жігіттеріміз ширек финалға түгелдей шықты
Токио Олимпиадасының Азия және Мұхит жағалаулары елдері арасындағы іріктеу турнирінде 1/8-финалы түгесілуге айналды. Бүгін біздің екі жігітіміз ширек финалға шыққан жігіттеріміздің қатарын толықтырды. Соңғы болып бұл сынақтан өткен 57 келі салмақ дәрежесіндегі Серік Теміржанов болды.
Теміржанов Ирак елінің боксшысы Джафар Аль-Суданимен айқасып жеңіске жетті. Ашығын айтайық, оның бүгінгі қарсыласы Серіктің халықаралық аренадағы деңгейін бағалауға негіз бола алатын боксшы емес сияқты екен. Серік оны аса қиналмай ұтты.Есеп – 5:0 (30:27, 30:27, 30:25, 30:27, 30:27).
Сөйтіп, алты боксшымыз өз қарсыластарынан басым түсіп, ширек финалға шықты. Олар – Закир Сафиуллин (63 келі), Бекзат Нұрдәулетов (81 келі), Әбілхан Аманқұл (75 келі), Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Сәкен Бибосынов (52 келі) және Серік Теміржанов (57 келі). Ал Василий Левит (91 келі) және Қамшыбек Қоңқабаев (+91 келі) жеребелеріне байланысты шаршы алаңға ширек финалдан бастап шығатын болған.
Ал аруларымыздың қатары селдіреп қалды. Бес қызымыздың үшеуі алғашқы жекпе-жектерінде ұтылып, елге қайтатын болды. Олар – Римма Волосенко (60 келі), Дәметкен Келімбет (57 келі) және Ангелина Лукас (51 келі). Ал Валентина Хальзова (69 келі) және Надежда Рябец (75 келі) Олимпиада лицензиясынан үміттерін әлі үзген жоқ.