Сондерс WBO белбеуін қайта “аукционға” шығарды ма?
Жарақатын желеу еткен британиялық Билли Джо Сондерс 23 маусым күнгі Мартин Мюррейге қарсы жекпе-жектен бас тартты. Бірақ, орта салмақтағы WBO чемпионы «аяғын ауыртып» алды дегенге ешкім сеніп отырған жоқ. Шамасы, «Сыған» Геннадий Головкин немесе Сауль Альваресті күтіп отырған секілді.
Әлемдегі ең қу боксшылардың бірі саналатын Билли Джо Сондерс ақша үшін абыройын сатып жіберуден танбайтын боксшылардың қатарынан. Кезінде Энди Лиден чемпиондықты тартып алған «Сыған» белбеуін бұлдап әлі жүр. Қымбатқа сатқысы келеді. 2016 жылы-ақ Головкин немесе Канелоға «сатып жібергісі» келген. Алайда, бағасына келісе алмай біраз жүрді де, шаршы алаңға жыл соңында бір-ақ шықты. Онда да тісі бататын қарсыласты таңдап, ресейлік Артур Акавовқа қарсы жұдырықтасты. Әрең жеңгені әлі есімізде. Одан кейін шаршы алаңға екі-ақ рет шықты. Мынауысы да «сиырқұйымшақтанып» кеткен. Мартин Мюрреймен 14 сәуір күні айқасуы керек болатын. Сондерс бабында болмағандықтан жекпе-жек маусымның соңына шегерілген. Енді міне, тағы да қарсыласын «лақтырып» отыр.
Сондерстің репутациясының құрығаны соншалық, жан сақтау бөліміндегі суреттерін көрсетіп жатса да, оның жарақат алдым дегеніне бүгінде ешкім сенбейді. WBO белбеуін кезекті рет аукционға шығарғанға көбірек ұқсайтын әрекет. Өйткені, Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің қыркүйек айына жоспарланған қарымта айқасы қазір «қыл үстінде». Әлі келісе алмай жүр. Міне, Сондерс осы «өліара» кезді пайдаланып қалғысы келетін секілді. Бұл хикаяның енді екі сценариі бар: Біріншісі, егер Канело Головкинмен келісе алмаса, қыркүйекте Сондерспен кездесіп, белбеуін тартып алады да, келесі жылдың мамырында Геннадий Геннадиевичті шаршы алаңға қайта шақырады. Ал екіншісі, Головкин осы қыркүйекте Сондерспен айқасып, желтоқсанда ІВҒ тұжырымындағы чемпиондық атағын қорғау үшін украиналық Сергей Деревьянченкомен кездеседі. Бұл кезде де Канеломен болатын қарымта айқас 2019 жылдың мамырына қалады.
Осы екіншісіне сенгіміз келеді. Өйткені, Мюррейден бас тарта салысымен бүгін Билли Джо «туиттердегі» жеке парақшасында, «мен Головкиннің бұрынғы талаптарына келісіп, қыркүйекте жұдырықтасуға дайынмын» деп жазыпты.
Бірақ, кім біледі, Бұл «Сығаннан» бәрін де күтуге болады.