Шүменов Дүниежүзілік бокс супер сериясында неге жоқ?

2018 ж. 25 тамыз
Шүменов Дүниежүзілік бокс супер сериясында неге жоқ?

Дүниежүзілік бокс супер сериясының екінші маусымында да ауыр салмақта турнир өтетін болды. Боксшылар құрамы да анық. Алайда, арасында қазақстандық Бейбіт Шүменов жоқ.

Әлбетте, WBA тұжырымының чемпионы ретінде Бейбіт Шүменовтің бұл жобаға қатысуына толықтай негіз бар еді. Бірақ, жерлесіміз өзі бас тартты ма, әлде WBSS жетекшілерінен шақырту алмады ма, әйтеуір турнирге қатысатындардың құрамында Бейбіттің есімі жоқ.

WBSS екінші маусымының ауыр салмақ дәрежесіндегі боксшылары:

Кшиштоф Гловацки (Польша, 30-1, 19 КО) – 4-орын (Boxrec.com)

Матеуш Мастернак (Польша, 41-4, 28 КО) – 11-орын (Boxrec.com)

Майрис Бриедис (Латвия, 24-1, 18 КО) – 2-орын (Boxrec.com)

Юниер Дортикос (Куба, 22-1, 21 КО) – 9-орын (Boxrec.com)

Эндрю Табити (АҚШ, 16-0, 13 КО) – 6-орын (Boxrec.com)

Руслан Файфер (Ресей, 23-0, 16 КО) – 27-орын (Boxrec.com)

Максим Власов (Ресей, 42-2, 25 КО) – 5-орын (Boxrec.com)

Кевин Лерена (ОАР, 21-1, 9 КО) – 8-орын (Boxrec.com)

Әлбетте, бұл нақты тізім емес. Әлі өзгерістер болуы мүмкін. Дегенмен, boxing-mma.com сайты таратқан мәлімет бойынша, WBSS жобасының екінші маусымына ауыр салмақ дәрежесінде осы боксшылар қатыспақ. Осылардың ішінде Юниер Дортикос пен Майрис Бриедис былтырғы маусымда да жұдырықтасқан. Ал резервте Мурат Гассиев те бар. Бейбіт Шүменов те бағын сынауға лайық еді. Алайда, шыны керек, жоғарыдағылардың барлығы Boxrec.com рейтингінде жерлесімізден әлдеқайда жоғары тұр. Тіпті, 27-сатыдағы Руслан Файфердің өзі біздің Бейбіттен 6 орынға биік орналасқан. Сондықтан, сегіз ғана мықты қатысатын таңдаулы турнирде Шүменовтің болмауының себебін тек осымен түсіндіруге болатын шығар.

Текст: Sadvakas Maikibayev