Сауль Альварес қыркүйекте Дэниел Джейкобспен айқасуы мүмкін

2018 ж. 27 мамыр
Сауль Альварес қыркүйекте Дэниел Джейкобспен айқасуы мүмкін

Мексикалық «сары бала» Сауль «Канело» Альварес қыркүйек айында Геннадий Головкинмен емес, америкалық Дэниел Джейбокспен жекпе-жек ұйымдастыруы мүмкін.

Дэниел Джейкобстың британиялық промоутері Эдди Хирннің мәлімдеуінше, оған «Голден Бой» промоутерлік компаниясының бас матчмейкері Роберт Диас хабарласып, Альварес пен WBA тұжырымының экс-чемпионы Джейкобс арасындағы айқасты ұйымдастыру жайлы ұсыныс жасапты.

Осыған байланысты The Ring журналына сұхбат берген промоутер мұндай идеяның оған ұнайтынын айтып, егер қос тарап келісе алса, жекпе-жек қыркүйек айында НВО телеарнасының ақылы трансляциясы аясында өтеді екен.

Естеріңізге сала кетейік, күні кеше ғана «Голден Бой» промоутерлік компаниясының президенті Оскар Де Ла Хойя журналистерге сұхбат беріп, Головкинді біраз кінәлаған болатын. Оның айтуынша, Головкиннің командасы «Голден Бойдың» ұсынысын 6 апта бойы қарастырып, ақыр соңында өз талаптарын қосып жіберіпті. Бұл олардың көңілінен шықпаған. Сондықтан, Канело енді Головкинді ұмытып, басқа боксшыларды шаршы алаңға шақырмақ. Өз кезегінде Головкиннің промоутері Том Леффлер жекпе-жектен түсетін табысты 50/50 пайызы бойынша бөлуді сұрауда. Ал Канело гонорардың 65 пайызын өз үлесіне жазғысы келеді.

Қорыта келгенде Альварестің келесі қарсыласы Джейкобс, Головкиндікі Сергей Деревьянченко болуы әбден мүмкін.

Текст: Sadvakas Maikibayev