Ресми. Усик пен Гассиев жекпе-жегі Мәскеуде өтеді

2018 ж. 18 маусым
Ресми. Усик пен Гассиев жекпе-жегі Мәскеуде өтеді

Бүгін Мәскеуде баспасөз мәслихаты өтіп, Дүниежүзілік бокс супер сериясының финалы аясындағы украиналық Олександр Усик пен ресейлік Мурат Гассиевтің арасындағы айқас шілденің 21-і күні Ресей астанасында өтетіндігі мәлімденді.

Келіссөздер өте ұзақ, әрі қиын өткені байқалады. Негізі, әу баста жекпе-жек 11 мамырға Сауд Арабиясында өтеді деп жоспарланған болатын. Алайда, соңғы сәтте украиналық боксшы жарақат алып қалып, кездесу кейінге қалдырылды. Тіпті, өтпей қалуы да мүмкін еді. Өйткені, жекпе-жек Мәскеуде өтеді деген сыбыс шыққалы Усиктен береке кетті. Ресейге бармаймын деп шыж-быж болды. Алайда, өткен аптада Гассиевтің америкалық Эндрю Табитимен айқасуы мүмкін екендігі туралы ақпарат жарық көрісімен Олександр өз пікірін лезде өзгертіп, Гассиевті жеңу үшін Антарктидаға баруға да дайын екендігін айтты.

Сонымен, жекпе-жекке бір-ақ ай қалды. Оның жарнамасын жасап, билеттерін сатып үлгере ме? Бұл да қызық. Әдетте мұндай айқастарды кемі үш ай бұрын ұйымдастырып бастайтынын ескерсек, бір айың тым аз екендігін байқайсыз. Ал жекпе-жекте WBO, WBC, WBA, IBF белбеулерінен бөлек, The Ring журналының чемпиондық титулы мен Мұхаммед Әли кубогы сарапқа салынады.

Текст: Sadvakas Maikibayev