Р4Р 2017 – Өткен жылдың үздік қазақстандық боксшылардың рейтингі жарияланды
Diamond Ring сайты өткен жылдың ең үздік боксшыларының рейтингін жариялады. ТОП 10 үздіктің ұшар басына Геннадий Головкин жайғасты.
2017 жылдың үздік боксшылар рейтингінің көшін Геннадий Головкин бастаса, екінші орынды Қанат Ислам еншіледі. Ал аса жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBA тұжырымының экс-чемпионы Жанат Жақиянов үздік үштікте. Сондай-ақ, 4-ші және 5-ші орындарды кәсіпқой бокста жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген, барлық айқастарында жеңіске жетіп келе жатқан WBC-International белбеуінің иегері Бекман Сойлыбаев пен Батыр Жүкембаев бөліп алды.
Бұлардан бөлек, үздік он боксшының қатарында Әли Ахмедов, Жанқош Тұраров, Иса Ақбербаев, Жанқош Тұраров пен Айдар Шәрібаев бар.
Естеріңізге сала кетейік, Diamond Ring сайты қыркүйек айында жаңа жоба бастап, елімізде Р4Р боксшылардың үздігін анықтайтын рейтингті қолға алған болатын. Бұл үшін кәсіпқой бокстың қасында жүріп, елімізде спорттың осы түрінің дамуына ат салысып жүрген 10 сарапшы маман таңдап алынды. Оларға алдымен қазақстандық кәсіпқой боксшылардың тізімі ұсынылады. Сарапшылар солардың ішінен өздерінің ТОР-10 боксшысын түзулері тиіс.
Сауалнама қорытындысы бойынша, әр маманның ТОР-ондығында 1-ші орын алған боксшы 10 ұпай еншілесе, 2-орын иегері – 9 ұпай алады. Үшінші орын – 8 ұпай, 4-орын – 7 деп кете береді.
Қай боксшы көп ұпай жинаса, сонысы Diamond Ring сайтының Pound-for-pound рейтиңгінде көш бастайды.
Жаңа жылда боксшыларымызға сәттілік және халықаралық аренада жетістіктер тілейміз!