PPV – Головкиннің көрсеткіші неге Мейуезерді айтпағанда Ломаченкодан да төмен?
Флойд Мейуезер мен Конор Макгрегор арасындағы айқастың ресми PPV көрсеткіші жарияланды. Бұл жекпе-жек тікелей эфир кезінде көгілдір экраннан 4,3 млн. рет сатылыпты. Салыстырмалы түрде айта кетейік, Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің төбелесі 1,3 миллион PPV жинаған. Айтпақшы, бір апта бұрын Нью-Йоркте айқасқан Василий Ломаченко мен Гильермо Ригондоның да тікелей эфирінің көрсеткіші белгілі болды.
Флойд Мейуезер мен Конор Макгрегор жекпе-жегінің PPV көрсеткішін Showtime телеарнасы ұсынған. Кездесуді де осы арна көрсеткен еді. Әлбетте, бұл айқастың PPV көрсеткіші жоғары болатыны әу бастан-ақ белгілі болатын. Алайда, кейбіреулер «Ғасыр аферасы» деп айдар тағып үлгерген бұл шоудың трансляциясы дәл осынша көлемде PPV жинайды деп ойламаған едік.
Бұл нені білдіреді? Бокс әлемінің Меккесі Америкада жанкүйерлердің жүрегін жаулай білу үлкен өнер, ерлік. Мейуезер АҚШ-та ежелден хит. Сегізбұрышта төбелеспен қатар шоуды жақсы меңгерген Макгрегорды да америкалықтар жылы қабылдап үлгерді. Мексикалық Сауль Альварес те бұрыннан жоғары PPV жинап жүр. Ендеше неге жылдың басты жекпе-жегіне баланыып, НВО арқылы көрсетілген Головкин мен «Канелоның» жекпе-жегі бар болғаны 1,3 млн. PPV трансляциясын құрады? Әлбетте, PPV эфирге небәрі екінші рет шығып, біріншісінде 170 мың PPV сатқан боксшы үшін 1,3 миллионың керемет көрсеткіш. Оның үстіне, Қазақстан секілді елдерден келгендерді АҚШ-та аса жылы қабылдай бермейді. Осы орайда, Головкиннің Америкада жақтастар таба білгенінің өзі ерлік.
Дегенмен, мына нәрсеге де мән берейікші. Осыдан бір апта бұрын Нью-Йоркте Украина боксшысы Василий Ломаченко мен кубалық Гильермо Ригондо кездесті. Екеуі де америкалық емес. Танымалдылығы Геннадий Головкиннен төмен болмаса, артық емес. Бірақ, ESPN телеарнасы арқылы таралған тікелей трансляцияның көрсеткіші 2 миллион 114 мың көрерменді құрапты. Қалай? Әлбетте, бұл PPV емес. Бірақ, сонда да… Демек, халыққа Головкиннің «мексикалық стилінен» гөрі Ломаченко дриблингтері мен комбинациялық соққылары қызық болып тұр ғой. Қанша жерден бейсбол матчтары мен баскетбол ойындарына қонаққа барып жүргенімен Головкиннің танымалдылығы да әзірге аса мықты болмай тұр. Бәлкім, сондықтан болар, Сауль Альварестің промоутерлері реванштың датасымен асығар емес. Шамасы, қарымта жекпе-жекте PPV көрсеткішін көбейту мақсатында «Triple G»-нің танымалдылығы арта түссін дейтін болар. Бірақ, мұндай жағдайда Геннадий Головкин мен Сауль Алварестің екінші айқасын 2018 жылы көрмеуіміз де мүмкін.