Орзубек Назаров – Тамаша! Бәрі де Америкадағыдай…
Астана төрінде өткен кәсіпқой бокс кешінде лауазымды қонақтар аз болған жоқ. Солардың бірі – қырғыз боксының жарық жұлдызы Орзубек Назаров.
Әуесқой бокс рингінде 165 жекпе-жек өткізген (оның 153-інде жеңіске жеткен), кәсіпқой бокс шаршы алаңына 27 рет шыққан (26 жеңіс, 19 нокаут) әйгілі спортшы қазақ топырағында өткен былғары қолғап шеберлері шоуына арнайы келіпті.
Орзубек Пулетұлы – бүгінде қырғыз спортының көрнекті қайраткері. Азия және Қырғызстан бокс федерацияларының вице-президенті. Астанадағы кәсіпқой бокс кешінде гонг үні сыңғыр етпей тұрып, көпшілікке танымал боксшыны сөзге тартқан едік.
– Қазақтың бас қаласына хош келіпсіз! Кәсіпқой бокс әлемінде мұндай кештердің талайын көрдіңіз ғой. Ұйымдастырылу жағы қалай, қандай баға берер едіңіз?
– Тамаша! Тура Америкадағы бокс кештеріндей. Бірден Америкамен салыстыратын себебім, кәсіпқой бокс сол елде өте жоғары деңгейде дамыған ғой. Шағын ғана зал. Әлбетте, рейтингтік айқастар осындай шағын залдарда өтеді. Әсем безендірілген. Қабырғаларындағы плкакаттардан-ақ көп ақпарат алуға болады. Телетаратылым да қарасытырлған. Бұл – өте маңызды. Кәсіпқой бокс әлемінің лауазымды тұлғалары да бар. Ұйымдастырушылардың бұл істі жақсылап тұрып қолға алғандары, барлығын жан-жақты ескергендері байқалады.
– Осы бокс кешінен қазақы нышан байқала ма?
– Өз басым ұлттық нақышты боксшылардың шарша алаңға шыққанынан күтемін. Қазақ жігіттері мемлекеттік рәміздері мен ұлттық киімдерін өте жоғары бағалайды және қастерлейді ғой. Олар шаршы алаңға шыққанда құйқылжитын музыка да ұлттық әуен мен сазды сарын болатынына сенімдімін.
– Жалпы, сіз бүгін кеште рингке шығатын қазақ боксшыларын, Diamond Ring компаниясының жігіттерін білесіз бе?
– Бұған дейін олардың жекпе-жектерін тамашалаған емеспін. Бірақ, бәрінің де өнеріне сырттай қанықпын. Аттарын естідім, атақтары белгілі, жеңістерінен хабардармын. Қайсының қанша жекпе-жек өткізгенін де білемін. Ал көзбе-көз қазір тамашалаймын. Diamond Ring енді ғана дамып келе жатыр. Әйтсе де бір жылдың ішінде мейілінше танылды. Өте жақсы, тамаша бастама!
Жалпы, мен кәсіпқой боксты дамытуды қолға алған азаматтарды қатты құрметеймін, айрықша қолдаймын. Өйткені қаншама білекті жас жігіт кәсіпқой бокстың арқасында нәпақа тауып, өмірдегі өз орнын таба бастайды. Көбісі әуесқой бокстан ауысып, оң-солын танып, өмір қағидаларын ұғынып, жаңа кәсібінің мағынасын түсініп, оған ерекше мән береді. Бұл ретте, Diamond Ring маңызы зор істі өркендетіп отыр.
– Ал әуесқой бокс пен кәсіпқой бокстың айырмашылығы не? Сіз екеуінің де «дәмін» татыңыз ғой?
– Мен ең басты екеуін бөле-жара атап өткім келеді. Бірінші, физикалық дайындық екені, айтпаса да түсінікті. Екіншісі – психологиялық дайындық. Рингте 12 раунд бойы жан алып, жан беруге психологиялық тұрғыда дайын болу керек. Ал бұл – айтуға ғана оңай.
– Неге кәсіпқой боксқа кеш көңіл бұрдық? Болашақта Қазақстан шығыстағы кәсіпқой бокс орталығына айналады деп топшалауға бола ма?
– Өмірде бәрі де өз ретімен. Бізде бұған дейін әуесқой боксқа ғана көңіл бөлініп келді. Енді кәсіпқой боксқа да ден қойып, мән бере бастадық. Бәлкім, біз үшін кәсіпқой бокстың уақыты енді келген шығар. Головкиндер, Назаровтар шығады әлі!
Қазақстанда әуесқой бокс өте жоғары деңгейде дамыған. Мысалы, Рио Олимпиасына боксшыларыңыз толық құрамда барады. Қандай жетістік?! Ал әуесқой бокссыз кәсіпқой боксқа адымдай ену мүмкін емес. Сіздердегі әуесқой бокста жұдырықтасу мәнері, стилі кәсіпқой боксқа келетін жігіттер көп.
Содан соң сіздерде қаржыландыру мәселесі – көш ілгері. Мысалы, бізде, Қырғызстанда кәсіпқой боксты дамытуға ақша жоқ. Ал кәсіпқой бокс басында қаржы құюды талап етеді. Қайтарымы кейін, әлем чемпиондары шыққанда ғана болады. Оған дейін қаржы салу керек. Сіздерде қазіргі таңда кәсіпқой боксты да дамыту қолға алынып жатыр. Кәсіпқой бокс федерациясына президент болып Ерлан Бекхожин келді. Diamond Ring секілді замануи промоутерлік компанияларыңыз бар. Сондықтан Қазақстанда кәсіпқой бокс қарқынды түрде дамиды деуге негіз бар.
– Рахмет. Сіздердің де істеріңіз алға жылжи берсін.