Октагон, әлде шаршы алаң немесе Хабиб пен Мейуэзер қайта төбелесуі мүмкін?

2018 ж. 15 қазан
Октагон, әлде шаршы алаң немесе Хабиб пен Мейуэзер қайта төбелесуі мүмкін?

Жақында октагонда Конор Макгрегорды жеңіп, жеңіл салмақта UFC чемпион атанған Хабиб Нурмагомедов бокс жұлдызы Флойд Мейуэзерді жекпе-жекке шақырды. Флойд та қарап қалған жоқ, «дайынмын» деп лайықты жауап қатты. Енді тек төбелесетін жерді анықтау қалды. Бұл октагон бола ма, әлде шаршы алаң ба?

Шыны керек, Хабибтен ешкім мұндай мәлімдеме күткен жоқ. Әлбетте, қазір ешнәрсеге таңғалатын заман емес. Дегенмен, Конорды жеңгеннен кейін «дағыстандық Бүркіт» UFC-дің өзге салмақтарындағы чемпиондардың бірі Тайрон Вудли, Колби Ковингтон, Макс Холлоуэй сынды чемпиондарды, күшіп тасып тұрса, UFC-дің Р4Р королі ауыр салмақтағы Дэниель Кормьені айқасқа шақырар деп күткенбіз. Алайда, Хабибтің фантазиясы бәрінен асып түсті. Жоғарыда аталғандарды емес, карьерасын әлдеқайда аяқтап қойған бокс жұлдызы Флойд Мейуэезерді жекпе-жекке щақырды.

– Әй, Флойд! Мен жекпе-жекке дайынмын. 50-0 мен 27-0. Екеуміз де ешқашан жеңілмегенбіз. Ендеше төбелесейік. Не кедергі? Джунглиде тек бір ғана патша болуы керек. Бұл патша, әлбетте, менмін. Өйткені, сен сол күйі Конорды құлата алған жоқсың. Ал мен оп-оңай құлаттым, – деді Хабиб Mayweather Promotions орталығының басшысы Леонард Эллербенің инстаграмдағы парақшасы арқылы.

Бірақ, Флойд та қарап қалмады. Қазір-ақ төбелесуге дайын екендігін мәлімдеді.

– CBS, Showtime және MGM Grand – чек кітапшаларыңды дайындаңдар! Леонард Эллербенің парақшасын қараңыздар. Хабиб Нурмагомедов мені жекпе-жекке шақырып жатыр екен. Лас-Вегасқа бұрынғы айбынды абыройын қайтарайық», – деді Флойд.

Иә, екеуі де дәл қазір төбелесуден кетәрі емес. Бірақ, айқасатын орын шаршы алаң бола ма, әлде октагонда арпалыса ма, мұны екеуі де ашып айтпады.

Бір анығы, октагонда 41 жасар Мейуэзерге еш мүмкіндік жоқ. Төбелестің небір түрін меңгеріп алған «дағыстандық Бүркіт» «сегіз бұрышта» Флойдты түтіп жері анық. Ал шаршы алаңда ше? Онда екі батырдың да мүмкіндіктері теңесуі мүмкін. Рас, Мейуэзердің бокстан хабары молырақ. Әйтсе де, Хабибтің сілтей салған бір соққысы кез келген қарсыласты есеңгіретіп тастай алатынын Конормен болған жекпе-жекте көрдік.

Бірақ, қос мықтының бұл мәлімдемелері жай ғана жарнама ма, әлде келесі шоудың бастамалары ма, мұны уақыттың еншісіне қалдырайық.

Текст: Sadvakas Maikibayev