Мурат Гассиев Головкиннен бокс пен адамгершілікті үйреніпті
Сочиде өткен Дүниежүзілік бокс сериясының екінші жартылай финалында ресейлік Мурат Гассиев кубалық Юниер Дортикосты құлатып, финалға шықты. Енді ол Мұхамед Әли кубогын украиналық Александр Усикпен сарапқа салады.
Бір апта бұрын Латвия астанасында өткен Усик пен Майрис Бриедистің кездесуіне қарағанда Сочидегі айқас әлдеқайда тартысты өтті. Бірінші раундтан соңғысына дейін шаршы алаңдағы боксшылар спорт кешеніне жиналған жанкүйерлер мен теледидар алдына телмірген көрермендерді демдерін іштеріне тартқызып отырды.
«Мен арнайы Гассиев үшін Сочиге атом бомбасын алып келдім», – деген болатын жекпе-жек алдында Дортикос. Алайда, кубалықтың атом бомбасын «Ирон» елеген де жоқ. Юниердің «атом бомбасы» дегені «джеб-джеб және оң қолмен құлаштап соғу» ғана екен. Мурат міз бақпады. Қос қолмен блокқа тұрып алып, қарсыласының соққыларын лайықты қабылдап отырды. Ал алтыншы раундтан бастап өзі де шабуылға шыға бастады. Раунд сайын қарқынын үдетіп, тоғызыншы «үш минуттықта» шабуылды ерте бастағанда қарсыласын сол кезде-ақ құлатар еді. 11-ші раундта да Дортикосты тек гонг үні және қолдарының ұзындығы құтқарып қалды. Гассиевтің сериялық соққыларынан тепе-теңдікті ұстай алмаған кубалық боксшы қос қолын осетиялық боксшының иығына аса салды. Ал 12-ші раундта Юниерді екі рет жалпасынан құлатқан Гассиев үшінші шабуылында қарсыласын шаршы алаңның сыртына шығарып жіберді. Әдемі нокаут. Ешқашан жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген Юниер Дортикос жекпе-жектен кейінгі баспасөз мәслихатында көз жасына ерік берді.
Жалпы, бокс әлемінде тағы бір жарқын боксшының пайда болғанын байқадық. Бұған дейінгі нокаутын кездейсоқтыққа балағандар бұл жолы Мурат Гассиевтің мықтылығын мойындады. Ал бас бапкері Абель Санчес шынымен де көреген маман екен. Кәсіпқой бокс әлемінде екінші Головкиннің өсіп келе жатқанын Әбіл бапкер осыдан үш-төрт жыл бұрын-ақ айтқан болатын.
Лос-Анджелесте бір залды Геннадий Головкинмен бөліскен «Иронның» біздің жерлесімізден де үйренгені көп екен. Дортикоспен болған жекпе-жекте байқадық, кубалық тек құлаштап соғумен ғана әуестенсе, Мурат бар техникалық арсеналын көрсетті. Алыс қашықтықта жақсы қорғанып, жақын дистанцияда қарсыласын үнемі қыспақта ұстап отырды. Адамгершілігі де мол екен. Соңғы раундтың алдында Дортикосты барып құшақтап, ілтипатын көрсетті. Жекпе-жектен кейін де қарсыласының қолын алып, ізет білдірді. Ал баспасөз мәслихатында Дортиксотың шынымен де мықты екенін айтты. Иә, біздің Головкин де осындай ғой.
Енді финалды күтеміз. Александр Усик пен Мурат Гассиев. Бізді WBSS аясында тағы бір тамаша айқас күтіп тұр. Менің фаворитім – Гассиев.