​Ұлыстың ұлы күні Лас-Вегаста өтетін кәсіпқой бокс кешінде рингке кімдер шығады?

2025 ж. 7 наурыз
​Ұлыстың ұлы күні Лас-Вегаста өтетін кәсіпқой бокс кешінде рингке кімдер шығады?

Ұлыстың ұлы күні – Әз Наурыз мейрамында әлемдік және отандық бокс жанкүйерлерін өте тартысты бокс кеші күтіп тұр. 22 наурыз күні АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтетін кәсіпқой бокс кешінде әлемдік бокстағы ең үздік былғары қолғап шеберлері сынға түседі.

Бокс кешінің үш нояны

Лас-Вегаста өтетін жекпе-жектерге көрермендердің қызығушылығы ерекше артып отыр. Өйткені бокс кешінде әлемдік деңгейдегі бір емес, үш боксшы өнер көрсетеді. Олардың қатарында WBC және WBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы Себастьян Фундора, кәсіпқой бокстың жас перісі, көпшілік ерекше үміт артып отырған Элайджа Гарсия және жақында ғана бұрынғы әлем чемпионын нокаутпен жеңген Хесус Рамос бар. Осы үш боксшының жекпе-жектері 22 наурыздағы бокс кешінің басты оқиғасына айналмақ.

Хесус Рамос – Кевин Сальгадо

Бірінші орта салмақта (69,9 кг дейін) жұдырықтасатын 23 жастағы америкалық Хесус Рамос (22-1, 18 КО) өз салмағының танымал боксшысы атанып үлгерді. Ол барлық төрт негізгі нұсқада ТОП-10 боксшының қатарына кіреді. Сонымен қатар WBC және WBA рейтингтерінде тіпті ТОП-5-тің қатарында тұр.

Осы жылдың ақпан айында Рамос IBF және IBO нұсқалары бойынша әлем чемпионы болған доминикандық Джейсон Росарионы (24-5-2, 18 КО) 8-раундта нокаутпен жеңді. Бұл – Хесустың өте әдемі әрі әсерлі жеңісі болды.

Енді ол Лас-Вегастағы кеште 27 жастағы мексикалық Кевин Сальгадо (17-2-1, 12 КО) қарсы жұдырықтасады. Мексикалық жігіт те жоғары деңгейдегі жекпе-жектерді өткізіп, біршама тәжірибе жинақтаған.

Элайджа Гарсия – Террелл Гауша

Орта салмақта жұдырықтасатын 21 жастағы америкалық боксшы Элайджа Гарсия (16-1, 13 КО) болашақ әлем чемпионының бірі ретінде үлкен үміт артып отырған боксшылардың бірі. Оның даңқы негізі бұдан да жоғары болушы еді. Бірақ ол былтыр маусым айында Кирон Дэвистен (19-3-1, 6 КО) сенсациялы түрде жеңіліп қалды. Элайджа өзінің жарқын болашағы үшін бұл жеңілістен үлкен сабақ алып, рингке жаңа күшпен оралмақ.

Оның келесі қарсыласы америкалық тәжірибелі боксшы – Террелл Гауша (24-4-1, 12 КО). Гауша өз кезегінде әлем чемпионы атағына үміткер ретінде доминиканалық Карлос Адамеспен (24-1-1, 18 КО) және кубалық Эрисланди Ларамен (31-3-3, 19 КО) жұдырықтасқан. Адамес пен Лара Терреллді тек ұпай саны бойынша ғана жеңген.

Себастьян Фундора – Чордейл Букер

Қазіргі таңда 27 жастағы америкалық Себастьян Фундора (21-1-1, 13 КО) екі беделді нұсқа бойынша әлем чемпионы. Себастьянды бокс әлемі ешкімге ұқсамайтын чемпион деп атайды. Себебі ол өте арық, бойы ұзын және ыңғайсыз. Бірінші орта салмақта (69,9 кг) өнер көрсететін боксшының бойы 203 сантиметр. Тіпті, мұндай ұзын бойлы боксшы ауыр салмақтағы алыптардың да арасында жоқ.

Жалпы, Себастьян баскетболшы бола алады. Бірақ ол бұл спорт түрінде бастықа жете алмас па еді? Бұл сұраққа жауап беру қиын. Бірақ ол боксты таңдап, әлемдік деңгейдегі жұлдызға айналды. Алдыңғы чемпиондық жекпе-жегінде аустралиялық Тим Цзюмен (24-2, 17 КО) шайқасқан Фундораның мұрны сынған. Бірақ ауырсыну мен қанға қарамастан, ол 12 раундтың барлығын өткізіп, жеңіске жетті.

22 наурызда ол тәжірибелі отандасы Чордейл Букермен (23-1, 11 КО) шеберлік байқасады. Чордейл WBO рейтингінде 5-орында тұр. Бірақ тағдыр оған бірден екі беделді нұсқа бойынша әлем чемпионы болуға мүмкіндік беріп тұр.

Текст: Admin Admin