Ломаченко, Салидо, Берчельт… немесе Әлем чемпионы атану үшін Бекман Сойлыбаев кімдерді жеңуі керек?

2017 ж. 7 қазан
Ломаченко, Салидо, Берчельт… немесе Әлем чемпионы атану үшін Бекман Сойлыбаев кімдерді жеңуі керек?

Қазанның 19-ы күні Бекман Сойлыбаев кәсіпқой бокстағы өзінің 12-ші жекпе-жегін өткізіп, WBC International белбеуін қорғау үшін мексикалық Фернандо Варгаспен жұдырықтасады. Егер жеңіп жатса, екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBC рейтингінде ТОП-15 боксшының қатарына кіреді. Бұл дегеніміз, жерлесімізге осы салмақтың басты боксшысы атануға керемет мүмкіндік турады деген сөз.

Кәсіпқой бокста жүргеніне үш жылдан асқан қазақ тарланы Бекман Сойлыбаевтың да әлем чемпионы атағы үшін айқасатын уақыты алыс емес. Алайда, ол үшін жерлесіміз әлі талай асуларды бағындыруы қажет. Ендеше екінші жартылай жеңіл салмақтың абсолютті чемпиондығы жолында Сойлыбаевты қай сойқандардың күтіп тұрғандары туралы өзіміздің тізімізді ұсынамыз.

10. Орасио КАБРАЛ (Аргентина). 28 жас /20-1, 8КО/

WBC рейтиңгінде – 21 орын

Аргентиналық боксшы – екінші жеңіл салмақ дәрежесі бойынша WBC International Silver белбеуінің иегері. Яғни, WBC ережесі бойынша Бекманның келесі міндетті қарсыласы осы Орасио болуы тиіс еді. Алайда, өзіне ғана белгілі себептерге байланысты Сойлыбаевқа қарсы шаршы алаңға шығудан бас тартыпты. Ал жұдырықтасы келмеген боксшыны күштеп рингке шығара алмайсың ғой. Бекманның промоутерлері шұғыл арада басқа қарсылас іздеп, Фернандо Варгаспен келісті. Бәлкім, Варгастан кейін Кабралдың да кезегі келетін шығар. Дегенмен, ол кезде Орасио үшін бәрі де кеш болып кетуі әбден мүмкін. Дәл қазір екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесінің осы тұжырым рейтиңгінде 21-сатыда тұрған 28 жасар боксшы келесі жолы Бекманға қажет болмай қалуы да ғажап емес.

9. Франциско ВАРГАС (Мексика). 32 жас /23-1-2, 17КО/

WBC рейтиңгінде – 3 орын

Әртүрлі ақпарат көздеріне сүйенсек, биыл қаңтардың 28-інде өзінің отандасы Мигель Берчельттен 11-ші раундта нокаутпен жеңілген Франциско Варгас қазір жеңіл салмақ дәрежесіне ауысу жайлы ойланып жүрген көрінеді. Иә, шынымен де сол жекпе-жек Бекманның келесі қарсыласы Фернандо Варгастың әйгілі тектесіне ауыр тиді. Бір жарым жыл бойы беліне тағып жүрген белдігінен айрылып, содан бері шаршы алаңға шығуға жүрегі дауаламай жүр. Бәлкім, Бекманмен жұдырықтасып көрер. Екінші жеңіл салмақ дәрежесінде WBC рейтиңгінің 2-сатысында тұрған 32-жасар мексикалықты жеңер болса, Сойлыбаев осы салмақта кез-келген боксшыны сеніммен шаршы алаңға шақыра алар еді.

8. Тевин ФАРМЕР (АҚШ). 27 жас /25-4-1, 5КО/

WBC рейтиңгінде – 2 орын

Кәсіпқой бокстағы дебютін 2011 жылы техникалық жеңіліспен бастаған Бекман Сойлыбаевтың түйдей құрдасы Тевин Фармер дәл қазір екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесінің WBC рейтіңгінде 3-орында тұр. Осы уақытқа дейін төрт рет жеңілістің кермек дәмін татқан. Алайда, белінде NABF, яғни Солтүстік Америка федерациясының белбеуі бар. Жалпы, біздің тізімдегі ең әлсіз боксшы да осы Фармер болуы мүмкін. Алайда, Фармермен жекпе-жекке шығып, оны жеңер болса, Сойлыбаевқа WBC рейтиңгінде бірден бестікке кіруге мүмкіндік болады.

7. Мигель БЕРЧЕЛЬТ (Мексика). 25 жас /32-1, 28КО/

Екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBC чемпионы

Егер кезінде нокаутпен жеңіліп қалмағанда қазір Сауль «Канело» Альвареспен қатар мексикалықтар Мигель Берчельті де алақандарына салып жүрер еді. Алайда, ол кезде Берчельттің жасы небері 22-іде болатын. Қазір Берчельттің шеберлігі толысқан. Содан бері жеңілістің кермек дәмін татып көрген жоқ. Керісінше, қарсыластарын қоғадай жапырып келеді. Биыл жыл басында отандасы Франциско Варгастан WBC чемпиондық белбеуін жұлып алды. Шілдеде Такаши Миурамен жұдырықтасып, белбеуін сәтті қорғап шықты. Егер Бекман Сойлыбаев 19 қазан күні жеңіске жетіп жатса, оның келесі қарсыласы Мигель Берчельт болуы әбден мүмкін. Ал Берчельтті жеңген жағдайда жерлесіміз өз салмағында басқа чемпиондарды да шаршы алаңға шақыра алады.

6. Николас УОЛТЕРС (Ямайка). 31 жас /26-1-1, 21КО/

WBC рейтиңгінде – 20 орын

Өткен жылы Василий Ломаченкодан нокаутпен жеңіліп қалғаннан кейін әлі шаршы алаңға шығуға жүрегі дауаламай жүрген ямайкалық Николас Уолтерспен жерлесіміз Мигель Берчельтке дейін-ақ жұдырықтасып қалуы әбден мүмкін. Екінші жартылай жеңіл салмақтың рейтингінде 4-ші орында келе жатқан Axe Man WBC тұжырымы бойынша да әлемдік белбеуден үміткер. Егер екінші жартылай жеңіл салмақтың үздігі атанғысы келсе, Бекманға ерте ме, кеш пе бәрібір Уолтерспен кездесуге тура келеді.

5. Орландо САЛИДО (Мексика). 36 жас /44-13-4, 31КО/

WBC рейтиңгінде – 1 орын

Бүгінде кәсіпқой бокс әлемінде үздік бестікке кіретін украиналық Василий Ломаченконы жеңген жалғыз боксшы осы Орландо Салидо. Бұл боксшының бір жақсысы – қарсылас таңдамайды. Өзіне ұсыныс жасаған боксшылардың меселдерін қайтармайды. Дегенмен, соңғы кездері шаршы алаңға сирек шығып жүр. Тіпті, өткен жылдан бері жылына бір рет қана жұдырықтасуда. Жасы да 37-ге жетті. Салмақ ауыстырды деп те естіп жатырмыз. Алайда, WBC рейтингінің екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесінде 1-орында тұр және Мигель Берчельттің чемпиондық белбеуінен басты үміткер. Алдағы уақытта Бекманмен де жолығып қалуы әбден мүмкін.

4. Хесреэл КОРРАЛЕС (Панама). 26 жас /22-1, 8КО/

Екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBА чемпионы

Бекман Сойлыбаев тек WBC бойынша ғана емес, WBA тұжырымы бойынша шаршы алаңға шығып жүр. Егер ұмытпаған болсаңыздар, жерлесіміздің еншісінде WBA EPBC чемпиондық белбеуі бар. Яғни, Еуразия және Мұхит аралдары аймағының чемпионы. Ал Хесреэл Корралес WBA тұжырымы бойынша екінші жартылай жеңіл салмақтың әлем чемпионы. Демек, алдағы уақытта панамалық боксшы белбеуінен айрылып қалмаса, болашақта Сойлыбаев пен Корралестің қолғаптары түйісіп те қалуы ғажап емес. Айтпақшы, Хесреэл 21 қазанда пуэрто-риколық Альберто Мачадоға қарсы жекпе-жекте чемпиондық атағын қорғайтын болады.

3. Джейсон СОСА (АҚШ). 29 жас /20-2-4, 15КО/

WBC рейтиңгінде – 13 орын

Ақ нәсілді АҚШ боксшылары өте аз. Сондықтан, олар мұндай жерлестерін алақандарында аялауға әзір. Өткен жылы екінші жартылай жеңіл салмақта WBA тұжырымының тұрақты белбеуін жеңіп алған Джейсон Соса панамалық Хесреэл Корралеске қарсы шаршы алаңға шығуы тиіс болған. Алайда, Ломаченкомен айқасу үшін өзінің белбеуінен бас тартты. Бірақ, Ломачтан да жеңіліп қалды. Әлбетте, бұл боксшымен Бекман Сойлыбаев бүгін-ертең немесе бір-екі жылдан кейін кездеседі деп айту қиын. Дегенмен, ерте ме, кеш пе, Джейсонның жерлесіміздің алдынан шығатыны анық.

2. Гильермо РИГОНДО (Куба). 37 жас /17-0, 11КО/

Екінші жеңіл салмақ дәрежесіндегі рейтіңгі – 1 орын

Екі дүркін Олимпиада чемпионы, екі дүркін әлем чемпионы кубалық Гильермо Ригондо кәсіпқой шаршы алаңдағы карьерасын тым кеш бастаған боксшылардың бірі. Алғашқы жекпе-жегін 2009 жылы 29 жасында өткізген. Екінші жеңіл салмақ дәрежесінде жұдырықтасады. Бірақ, кейінгі кездері оның салмақ қосқандығы айтылып, Василий Ломаченкомен жұдырықтасу үшін екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесіне көтерілгендігі мәлімденді. Бәлкім, енді осы салмақта толық тұрақтауды жөн көрсе, Бекманмен де жұдырықтасып қалар.

1. Василий ЛОМАЧЕНКО (Украина). 29 жас /9-1, 7КО/

Р4Р рейтиңгінде – 4 орын, Екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBО чемпионы

Келесі жекпе-жегін 9 желтоқсанда Гильермо Ригондоға қарсы өткізетін украиналық осы салмақтың үздік боксшысы. Жалпы, мамандар болашақта Ломаченко Геннадий Головкиннің де, Сауль Альварестің де орнын басып, №1 боксшы болады деп болжауда. Дегенмен, Бекман Ломачтың күшін былтыр тексеріп көрген. Лос-Анджелесте өткен спаррингтік кездесуде жерлесіміз Ломаченкомен де жұдырықтасуға болатынын дәлелдеген. Украиналықтың жеңген жағдайда ғана мақсат орындалды деп айтуға болатын шығар. Сонда ғана Сойлыбаев осы салмақтың абсолютті чемпионы атана алады.

Естеріңізге сала кетейік, Бекман Сойлыбаев кәсіпқой бокстағы келесі жекпе-жегін 19 қазанда Golden Boy Promotions ұйымдастыратын Лас-Вегастағы кеште мексикалық Фернандо Варгасқа қарсы жұдырықтасып, WBC International чемпиондық белбеуін қорғайтын болады. Бүгінде Бекман Лос-Анджелесте белгілі маман Эрик Браунның қарамағында жаттығып жүр.

Текст: Sadvakas Maikibayev