Линарес жаңа салмақта абсолютті чемпион атана ала ма?
АҚШ-тың Индио қаласында өткен жекпе-жек кешінде венесуэлалық Хорхе Линарес пуэрто-риколық Абнер Коттоны үшінші раундта нокаутқа түсіріп, бірінші жартылай орта салмақ дәрежесіндегі дебютін сәтті өткізді.
Бұған дейін үш салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атақтарын ие болып, соңғы айқасында украиналық Василий Ломаченкодан жеңілген Хорхе Линарес сол кездесуден кейін бірінші жартылай орта салмақ дәрежесіне ауысатындығын мәлімдеген. Бұл салмақта WBA чемпионы – белоруссиялық Кирилл Релих, WBC чемпионы – америкалық Хосе Рамирес, WBO чемпионы – Морис Хукер (АҚШ). IBF пен The Ring чемпиондық атақтары әзірге вакантты. Байқағандарыңыздай, бұл салмақта бәсекелестік аса зор емес. Сондықтан да шығар, Дүниежүзілік бокс супер сериясының ұйымдастырушылары турнир үшін биыл дәл осы салмақты таңдап отыр. Өкінішке қарай, бұл жобада Линарес жоқ. Оның өз жолы бар. Мұның бәрін неге жазып отырмыз. Линареске бұл салмақта абсолютті чемпион атануға мүмкіндік зор. Ал әзірге соңғы айқасы туралы…
Индиода өткен жекпе-жек кешінде Хорхе пуэрто-риколық Абнер Коттомен жұдырықтасты. Линарес қарсыласын нокдаунға екінші раундта-ақ нокдаунға түсірді. Үшінші раундта тағы бір рет құлатып алды. Ал кезекті шабуылдардың бірінде екеуі де құлап түскен. Бірақ Котто тек төрешінің сүйемелдеуімен ғана орнынан тұра алғандықтан жекпе-жек осы жерден тоқтатылды.
Осылайша Хорхе Линарес кәсіпқой бокстағы 45-ші жеңісіне қол жеткізіп, 28-ші қарсыласын нокаутқа түсірді. Бұдан бөлек, төрт жеңілісі бар. Ал Абнер Котто 27-ші жекпе-жегінің төртінші жеңілісіне ұшырап отыр.