​Әли Ахмедовтің келесі жекпе-жегі және қарсыласы туралы не білеміз?

2025 ж. 14 қаңтар
​Әли Ахмедовтің келесі жекпе-жегі және қарсыласы туралы не білеміз?

Қазақстандық боксшылар арасында биыл бірінші болып шаршы алаңға екінші орта салмақта өнер көрсететін Әли Ахмедов шықпақ. Ол АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында ұйымдастырылатын бокс кешінде жұдырықтасады.

Madison Square Garden, T-Mobile Arena, Commerce Casino

Қазақстандық боксшы Әли Ахмедов (22-1, 16 КО) кәсіби мансабындағы 24-ші жекпе-жегін 17 қаңтарда АҚШ-тың Калифорния штатындағы Лос-Анджелес қаласының маңындағы The Commerce Casino & Hotel кешенінде өткізеді. Қарсыласы – 32 жастағы америкалық Малкольм Джонс (17-4-1, 10 КО).

Осыдан 5-6 жыл бұрын отандық боксшылар арасындағы ең дарындысы, чемпиондық белдікке негізгі үміткер боксшылардың бірі деп бағаланған, Madison Square Garden, T-Mobile Arena секілді көп боксшының арманы болған әйгілі ареналарда жұдырықтасқан отандасымыз қазір казинода өнер көрсетуге мәжбүр.

Бір жұлдызды жекпе-жек

Кәсіпқой боксшылардың статистикасын жүргізетін әйгілі BoxRec интернет порталы Ахмедов-Джонс жекпе-жегін небәрі бір жұлдызға бағалап отыр. Яғни, Ахмедов бұл айқаста өзінен әлдеқайда деңгейі және шеберлігі төмен боксшымен кездескелі тұр деп айтуға болады. Өйткені BoxRec рейтингінде Джонс өз салмағындағы – 399-шы, Ахмедов 34-орында тұр.

Boxingscene.com басылымы да Ахмедовтың Малкольм Джонсты қарсылас етіп таңдауын бір қадам артқа шегіну деп бағалауда. Өйткені Джонстың деңгейі отандасымыздың былтыр Ирландияда өткізген бокс кешіндегі қарсыласы франциялық Пьер Дибомбемен (22-2-1, 12 КО) салыстырғанда әлдеқайда төмен. Сол бокс кешінде Ахмедов азулы қарсыласын төрешілердің аралас шешімімен жеңген болатын.

Биікке көтерілу үшін төмендеп отыр ма?

Биыл 30 жасқа толатын отандасымыз 2016 жылдан бері кәсіпқой бокста жекпе-жек өткізіп келеді. Сол жылы Қазақстан ұлттық құрамасы сапынан Рио Олимпиадасына қатысуға негізгі үміткер атанып, ішкі бәсекелестік нәтижесінде Бразилияға жолы түспей қалған еді. Содан бері бағын кәсіпқой бокстан іздеп келеді. Отандасымыз кәсіпқой шаршы алаңда бүгінге дейін 23 кездесу өткізіп, 16 қарсыласын мерзімінен бұрын жеңіп шыққан.

Екінші орта салмақта жұдырықтасатын жерлесіміздің мансабы 2020 жылдың соңына дейін, яғни эквадорлық Карлос Гонгормен жұдырықтасқанға дейін жоғары қарқынмен өсіп келе жатқан еді. Алайда сол жекпе-жекте Ахмедов 12 раунд бойы жанкештілікпен жұдырықтасып, кездесудің аяқталуына бір минут қалғанда нокаутпен жеңіліп қалған болатын. Осыдан кейін отандасымыздың қарқыны бәсеңдеп қалғандай көрініп еді.

Жерлесіміз былтыр үш жекпе-жек өткізіп, барлығында да жеңіске жетті. Яғни, отандасымызды мансабын қайта жандандырып, жоғары орындарға ұмтылып келе жатыр деп айтуға болады.

Текст: Admin Admin