Крашердің соңғы мүмкіндігі немесе Ковалев Альварестен қарымта қайтара ала ма?
Кеше ресейлік Сергей Ковалев пен колумбиялық Элейдер Альварес арасында қарымта айқастың өтетіні белгілі болды. Жекпе-жек 2019 жылдың 2 ақпанында Техаста өтеді. Сонымен, Ковалев қарымта қайтара ала ма?
Естеріңізге сала кетейік, тамыздың 4-і күні Атлантик ситиде Ковалев пен Альварес айқасып, бірінші ауыр салмақ дәрежесінде ресейлікке тиесілі WBO және ІВА чемпиондық белбеулерін сарапқа салған. Жекпе-жек толығымен Крашердің басымдығымен өтіп жатқан. Кенет, 7-ші раундта Элейдердің соққысы Ковалевке қатты өтіп кетіп, есеңгіреп қалған ресейлікті Альварес бірден сериялық соққының астына алып, нокаутпен жеңіске жеткен.
Жекпе-жектен кейін Ковалев бокспен қоштасатынын мәлімдеді. Өзгелер де оған былғары қолғабын шешуге кеңес берді. Алайда, Крашер бәрін ой елегінен өткізді-ау деймін, араға екі ай салып, қарымта айқасқа дайын екендігін мәлімдеді.
– Маған соңғы мүмкіндік беріліп тұр. Не жеңіске жетіп, қайта шыңға шығамын, не карьерамды біржола аяқтаймын. Бәрі де осы жекпе-жекке байланысты, – деп жазды өзінің «инстаграмдағы» жеке парақшасында Сергей Ковалев.
Жалпы, әу баста Ковалев расымен де бұл айқастан бас тартқан. Алайда, өзара келісімшарттағы реванш пунктін пайдаланған Крашер «не бел, не белбеу» кетеді деп отырған секілді.
Айтпақшы, Ковалев өз карьерасында үш рет қарымта айқас өткізген. Дарнелл Бун мен Жан Паскальді екі реттен ұтса, Андре Уордтан екі жекпе-жекте де жеңіліп қалған екен. Альвареспен қалай боларын келесі жылдың ақпанында көрерміз.
Ал Крашер үшін бұл расымен де соңғы мүмкіндік болмақ. Егер жеңілсе, былғары қолғабын біржола шегеге ілетін шығар. Дегенмен, жеңіске жететін мүмкіндігі де мол. Бірінші жекпе-жектің қалай өткенін ескерсек, қарымта айқаста Ковалев бас-көз жоқ шабуылға атой сала бермей, қорғанысқа да көңіл бөліп, күшін әр раундқа есептеп бөлер болса, Элейдерден белбеулерін қайтарып алары хақ.
Айта кетейік, Сергей Ковалев кәсіпқой бокста 36 айқас өткізіп, соның 32-інде жеңіске жеткен екен. 28 қарсыласын нокаутқа түсірген. 3 рет жеңілген, оның ішінде екеуінде нокаут алған. Бір рет тең түскені де бар. Ал Альварес жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген боксшы. WBO чемпиондық белбеуін иығына асынған колумбиялық боксшы шаршы алаңда 24 рет жеңіске жетіп, соның жартысында нокаутпен ұтқан.