Қазақстандықтар – WBA Asia ұйымының басшылық қызметінде!

Қазақстан өкілдері WBA Asia бокс қауымдастығының түрлі комитеттеріне енді.
Біздің жігіттер!
WBA Asia – Дүниежүзілік бокс қауымдастығы (WBA) серіктесі. Оның құрылымында бірнеше комитет бар, олардың ішіндегі ең маңыздысы – Даму комитеті (Development Committee). Бұл комитетке бірден екі қазақстандық кірді: Аманат Қонақбаев және Irfin Promotions промоутерлік компаниясының негізін қалаушы әрі оның бас директоры Бақдәулет Төреханов.
Сондай-ақ, WBA Asia рейтингтік комитетінің құрамына танымал қазақстандық боксшы, Олимпиада күміс жүлдегері Виктор Демьяненко кірді.
Қазақстанмен серіктестік
WBA Asia бас хатшысы Вон Ким бұған дейін Irfin Promotions компаниясының арқасында Қазақстанмен ынтымақтастық қайта жандана түскенін айтқан болатын.
Нәтижесінде, 2024 жылдың шілдесінде Irfin Promotions 21 қыркүйекте Алматыда WBA Asia жартылай орта салмақтағы (66,7 кг) титулдық жекпе-жегін өткізу құқығын алды.
Қыркүйекте Алматыда өткен бокс кешіне WBA Asia бас хатшысы Вон Ким (Оңтүстік Корея) және төрешілер комитетінің басшысы Чалерм Прайадсаб (Таиланд) келді. Бұл кеште қазақстандық Руслан Мәдиев (17-2, 6 КО) ресейлік Тигран Согоянды (7-1-1, 4 КО) төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіп, WBA Asia чемпионы атанды.
Бангкоктағы бокс кеші
1 ақпанда Бангкокта тайлық TL Boxing Promotion және қазақстандық Irfin Promotions бірлесіп бокс кешін ұйымдастырды. WBA Asia ресми Instagram парақшасында бұл іс-шара ерекше атап өтілді.
Бұл кеште төрт қазақстандық боксшы жұдырықтасты. Олардың екеуі WBA Asia чемпиондық белбеуін иеленді:
Елшат Нығметолла (21-0-1, 8 КО) жеңіл салмақта (53,5 кг) чемпион атанып, индонезиялық Фласидус Нуноны (10-2-2, 8 КО) төртінші раундта нокаутқа түсірді.
Руслан Мәдиев өз титулын алғаш рет қорғап, филиппиндік Али Канеганы (11-2-1, 7 КО) төрешілер шешімімен жеңді.
Осылайша, қазіргі таңда WBA Asia чемпиондық белбеуін иеленген екі қазақстандық боксшы бар.