Канело-кленбутерол. Альварестің допинг қабылдауы мүмкін бе?
Апта басталғалы бері әлемдік баспасөз Сауль Альварестің ағзасында допингтің табылғаны туралы жарыса жазып жатыр. Бұл жайт 5 мамырға жоспарланған жекпе-жекке кесірін тигізе ме? Өз пікірімізді біз де білдірсек деп едік.
Канело мен Triple G арасындағы қарымта айқас қайтадан Лас-Вегаста өтеді. Бұл Невада штаты. Невада Спорттық комиссиясының атқарушы директоры Боб Барнетт бекітілген ережеге сәйкес тексерістің жүргізілетінін айтты.
Естеріңізге сала кетейік, жерлесіміз Геннадий Головкиннің алдағы қарсыласы Сауль «Канело» Альварес ақпанның 17-сі мен 20-сы күндері допинг тестілеуден өтіп, онда кленбутеролдың белгісі анықталған болатын. Мұны боксшының ресми өкілдері «Голден Бой» промоутерлік компаниясының басшылары Оскар Де Ла Хойя мен Эрик Гомес те растады. Алайда, олардың айтуынша, Альварестің ағзасына кленбутерол етпен бірге түсуі әбден мүмкін. Сол үшін боксшының лагерін Мексикадан Америкаға көшірмек екен. Айтқандарына сенуге де болады, күмән да туғызады.
Кленбутерол деген не? Спортта кленбутеролға 1992 жылдан бері тиым салынған. Өйткені, бұл дәрі жылдам салмақ тастауға және тез арада артық майдан арылуға көмектеседі. Ал спортшының өзі күшін жоғалтпайды. Сондай-ақ, кейінгі кезде бұл дәріні мал шаруашылығында қолданып жүр. Бордақылаған мал тез ет алып, денесі өсіп шығады. Бірақ, көптеген елдерде мал шаруашылығында да пайдалануға тиым салынған. Тек Қытай мен Мексикада ғана бұл дәрі мал шаруашылығында ашық пайдаланылады. Сондықтан, Альварестің ағзасына кленбутерол тамақпен түсіп кетті дегенге де сенуге болады. Бірақ Канело өзінің қай елде тұрып жатқанын білмеді ме? Мексиканың әр сиыры осындай әдіспен өсірілетінін жақсы біледі. Ендеше етті де таңдап тұтынуы керек еді ғой. Ал оның жекпе-жек алдында бірден 10 шақты келі лақтыра алатынын ойласаң, расымен де допинг қабылдай ма деп ойлап қалатының рас.
Маңыздысы бұл емес. 5 мамыр күні Лас-Вегаста Головкин мен Альварестің қарымта айқасы өтуі тиіс. Бұл жағдай алдағы жекпе-жекке кері әсерін тигізуі мүмкін бе? Әлбетте, әртүрлі әңгімелердің болары сөзсіз. Егер Головкин жеңіліп қалса, Канелоны допингтің арқасында жеңді дейтіндер де көп болады. Егер жерлесіміз жеңсе, Альвареске сауап болды дейтіндер де жетіп артылады. Дегенмен, жекпе-жектің өтуіне ешнәрсе де кедергі болмауы тиіс. Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) президенті Маурицио Сулейман да солай дейді.
– Спорт әлемінде кленбутеролдан бірінші рет дау шығып жатқан жоқ. Альварестің ағзасында бұл дәрінің 0,6-0,8 нанограммы ғана анықталып отыр. Бұл өте төмен көрсеткіш. 2016 жылы Врансиско Варгастың ағзасында кленбутеролдың мөлшері бұдан екі есе көп болды. Соған қарамастан Калифорния спорттық комиссиясы оны ақтап шықты және Орландо Салидоға қарсы шаршы алаңға шығуына ешнәрсе кедергі болған жоқ. Сондықтан, Альварестің де жағдайы оңымен шешіледі деп үміттенемін, – деді Сүлейман.
Иә, неде болса, жекпе-жек өз уақытында өтеді деп сенеміз. Кейінге шегерілер болса, бұдан ұтылатын Канело емес, Головкин болмақ.