Канело бес жылда 365 миллион доллар табады

2018 ж. 17 қазан
Канело бес жылда 365 миллион доллар табады

Орта салмақтағы WBC және WBA чемпионы Сауль Альварес DAZN стримингтік жүйесімен бес жылға келісімшартқа отырды. Осы аралықта «мексикалық сары бала» 365 миллион доллар табады.

DAZN стримингтік жүйесінде боксқа британиялық промоутер Эдди Хирн жауап береді. Ең мықты боксшылардың барлығын өзіне тартып жатқан Хирн таяуда Канеломен де келісімшартқа отырды. Келісімшарт бойынша «мидлуэйт» үздігі бес жыл ішінде осы арнада 11 жекпе-жек өткізуі тиіс. Ал мексикалық боксшы бұл үшін 365 миллион доллар алады. Бұл спорт әлеміндегі ең ірі келісімшарт. Бұған дейін рекорд бейсболшы Джанкарло Стантонға тиесілі болған. 2014 жылы ол «Майами Марлинзбен» 13 жылға 325 миллион долларға келісімшартқа отырған. Ал Альварес 365 миллионды бес-ақ жылда таппақ.

DAZN аясындағы алғашқы айқасын Сауль Альварес 15 желтоқсанда Нью-Йорктің «Мэдиссон Сквер-Гарден» аренасында британиялық Роки Филдингке қарсы өткізіп, супер орта салмақтағы WBA regular чемпиондық атағын сарапқа салады.

Енді 365 миллионды 11-ге бөлейік. Сонда Канело кіммен төбелесетініне қарамастан әр жекпе-жегі үшін кепілді түрде 33 миллионнан астам пайда тауып отырады деген сөз. Сондай-ақ, келісімшартқа сәйкес, жекпе-жек барысындағы DAZN стримингтік жүйесіне жазылушылардың санына байланысты да «мексикалық сары баланың» гонорары көбейіп отырмақ.

Текст: Sadvakas Maikibayev