Кәсіпқой бокс федерациясының президенті Бекман Сойлыбаевты қабылдады

2017 ж. 19 мамыр
Кәсіпқой бокс федерациясының президенті Бекман Сойлыбаевты қабылдады

Қазақстан Кәсіпқой бокс федерациясының президенті Ерлан Бекхожин өзінің Астанадағы кеңсесінде Бекман Сойлыбаев пен оның жеке жаттықтырушысы Бауыржан Ізтілеуовті қабылдады.

Журналистердің алдында Бекманды екінші жеңіл салмақ дәрежесінде WBC international чемпиондық белбеуін жеңіп алуымен құттықтап, Қазақстан абыройын халықаралық аренада асқақтатып жүргені үшін алғыс білдірді.

– Тамыздың 30-ы Қазақстан Республикасының Конституциясы күнінде елордада үлкен бокс кеші өтеді. WBC ұйымының 55-ші Конвенциясы аясында өтетін бұл кештің ұйымдастыру жұмысы Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясына жүктеліп отыр. Орынды белгілеп қойдық. Экспо территориясында ашық аспан аясында өтеді. Ал кештің басты жекпе-жектері Бекман Сойлыбаев пен Фируза Шарипованың айқастары болмақ. Бекман WBC international чемпиондық атағын аргентиналық Орасио Кабралға қарсы айқаста қорғайды. Жалпы, Сойлыбаевтың соңғы жекпе-жегін көрдім. Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Бірақ, Бекман өзінің өте интеллектуалды боксшы екенін дәлелдеді. Бокс әлемінде бұл өте құнды қасиет, – деді Ерлан Бекхожин.

Естеріңізге сала кетейік, кәсіпқой бокста 11 жекпе-жек өткізген Бекман барлығында жеңіске жетіп, төртеуінде қарсыласын нокаутқа түсірген.

Ерлан Бекхожиннің толық сұхбатын сәл кейінірек біздің сайттан оқыңыз.

Текст: Sadvakas Maikibayev