Irfin Promotions және Армат Арманұлы ұзақ мерзімді келісімшартқа қол қойды

Армат Арманұлының болашағы зор екенін растайтын дәлелдің бірі – отандық Irfin Promotions промоутерлік компаниясының жас қазақстандық боксшымен ұзақ мерзімді келісімшарт жасасуы.
Назарда жүрген боксшы
21 жастағы Армат Арманұлы (2-1, 1 КО) орта салмақта (72,6 кг дейін) өнер көрсетеді. Ол кәсіпқой рингке 2024 жылы шықты. Бірақ дебют жасамай тұрып-ақ Irfin Promotions компаниясының назарына іліккен. Компанияның негізгі мақсаттарының бірі – қазақстандық жас талантты боксшыларды қолдау және дамыту.
Жеңілістен басталған дебют
Арманұлы алғашқы кәсіпқой жекпе-жегін 2024 жылы 8 маусымда Шымкентте, Irfin Promotions ұйымдастырған бокс кешінде өткізді. Қарсыласы тәжірибелі ресейлік Никита Горшков (6-1, 1 КО) болды.
Ол кезде Армат 20 жаста еді. Тартысты өткен жекпе-жекте төрешілердің басым шешімімен жеңіс тәжірибелі Горшковқа берілді – 38:38; 40:37; 39:37.
Алайда Irfin Promotions бұл жеңіліске қарамастан Арматтың әлеуетін жоғары бағалап, оны әрі қарай қолдауды жалғастырды.
Сенімнің ақталуы
2024 жылы 21 қыркүйекте Алматыда өткен келесі бокс кешінде Армат өзінің шынайы әлеуетін көрсетті.
Ол тәжірибелі өзбекстандық боксшы, WBC Asian титулының бұрынғы иегері Анвар Тураповты (9-5, 6 КО) сенімді түрде жеңді. Төрешілер бір ауыздан 40:35; 40:35; 40:35 есебімен жеңісті Арманұлына берді.
Жойқын нокаут
Кейін Армат өзінің алғашқы халықаралық жекпе-жегіне мүмкіндік алды. 2025 жылы 1 ақпанда Бангкокте өткен бокс кешінде, Irfin Promotions-тың ұйымдастыруымен, ол Пәкістандық Хабиб Ур Рехманмен (6-2, 5 КО) жұдырықтасты.
Арманұлы 21 жаста ғана болғанына қарамастан, өзін нағыз кәсіпқой ретінде көрсетті. Екінші раундта сол қолмен бауырға жасаған тамаша соққысы арқылы қарсыласын брутальді нокаутқа жіберді.
Жеңісті жол жалғассын!
Армат өзінің мықты боксшы екенін дәлелдеді, ал Irfin Promotions отандық таланттарды халықаралық деңгейге шығаруға деген адалдығын тағы бір мәрте көрсетті.
2028 жылға дейін жасалған келісімшарт Арманұлының болашағының жарқын екенін аңғартады. Жеңісті жолы жалғаса берсін!