Хайуан Вон немесе Жәнібектің келесі қарсыласы қаншалықты қауіпті?
Қарашаның басында қазақтың кәсіпқой бокстағы тағы бір батыры Жәнібек Әлімханұлы төртінші рет шаршы алаңға шықпақ. Қарсыласы – Вон Александер. Ол кім? Біздің мықты үшін қаншалықты қауіпті?
Александер дегенде есімізге Вон емес, бірінші кезекте Девонның түсері анық. Қанша дегенмен, Тимоти Брэдли, Шон Портер, Амир Хан, Андре Бертолармен жұдырықтасып, Маркос Майдананың өзін жеңген боксшы. WBC және IBF чемпиондық белбеулерінің иегері болған. Ал Вон дегеніміз осы Девонның туған ағасы. Кәсіпқой бокста 13 жекпе-жек өткізіп, соның 12-сінде жеңіске жеткен. Сегіз қарсыласын нокаутқа түсірген. Тек соңғы кездесуінде ғана ұпай санымен жеңіліс тауыпты. Бір қызығы, 2004 жыл мен 2016 жыл аралығында Вон 12 жыл шаршы алаңға шықпаған екен. Себебін қазір тәптіштерміз.
Миссури штатының Сент-Луис қаласында 1985 жылдың желтоқсанында көп балалы отбасында дүниеге келген. 13 баланың бірі болған. Бала кезінде көп қиындық көргендерін кезінде бауыры Девон былай деп жеткізген еді:
– Біз өте қатал ауданда өмір сүрдік. Балалық шағымыз қиындықпен өтті. Көшеде күнде қылмыс еді. Таңертең оянғанда өлі немесе тірі екенімізге көз жеткізу үшін алдымен бүкіл денемізді сипалап, сосын «уһ» деп орнымыздан тұратынбыз. Кез келген сәтте оққа ұшуың ғажап емес. Жедел жәрдемнің дабылын әр жарты сағат сайын естіп отырушы едік.
Маргинал жастардың уақыттарын пайдалы іске жұмсау бағдарламасы бойынша сол кездері жергілікті билік басшылары әр ауладан жекпе-жек, бокс үйірмелерін аша бастады. Қолына алғаш былғары қолғабын кигенде Вонның жасы небәрі 8-де болды және қатарының алды еді. Әуесқой бокста 300-ден астам жекпе-жек өткізіп, соның жетеуінде ғана жеңілген. 2000 жылдардың басында Вон Америкадағы ең талантты боксшыларының қатарынан болып, 2004 жылы кәсіпқой боксқа ауысу туралы шешім қабылдағанда, қарап қалуды жөн көрмеген әйгілі Дон Кинг бірден боксшымен келісімшартқа отырып, сол жылы-ақ бес жекпе-жек өткізіп берді. Вон бәрінде жеңіске жетті. Бірақ, содан кейін шаршы алаңға 2016 жылы бір-ақ оралды.
2004 жылдың желтоқсаны еді. Не түлен түрткенін кім білсін, қолына қару алған Вон Александер қандықол қарақшылыққа барып, түрмеге түскен. Сот алты жыл абақтыға жабу туралы үкім шығарды. Алайда, 2005 жылы түрмеден қашып кетуді ойлап, офицерді соққыға жыққан Вон әлгі алты жылға тағы 12 жыл қосып, 2022 жылға дейін бас бостандығынан айрылды. Бұл кезде боксшының жасы небәрі 18-де еді.
– Мені не түлен түрткенін білмеймін. Күн сайын осыны өзімнен де сұраймын. Бірақ, жауап жоқ. Бәлкім, тағдырым осы шығар. Ең бастысы, түзелдім. Бостандықты аңсаймын. Қайта шаршы алаңға оралғым келеді. Мен енді бұзақы бозбала емеспін. Ақыл тоқтаттым. Егер бостандыққа шығар болсам, түрмеге қайта оралмаймын, – деді 2010 жылы түрмеде отырып, жергілікті журналистке сұхбат берген Вон Александер.
Иә, егер сол кездегі ақымақтығы болмағанда Вонның қазір қандай жетістікке жететінін болжау қиын. Бәлкім, орта салмақта әлем чемпионы болып, Головкиннің нағыз бәсекелестерінің бірі болар ма еді. 2016 жылдың наурызында амнистияға ілігіп, мерзімінен бұрын түрмеден босаған Вон бірден спорт залына барып, қолына қайта былғары қолғабын киді. Сол жылдың соңында-ақ шаршы алаңға оралып, қарсыласын екінші раундта-ақ құлатты. Әр ай сайын рейтингі өсіп, осы тамызға дейін қарсылас шақ келтірмей келді. Алайда, Бруклинде күтпеген жерден Денис Дуглиннен ұтылып қалды.
Ал енді Жәнібек үшін қаншалықты қауіп болмақ? Жәнібектің бүгінгі менеджері Эгис Климас өзінің клиентіне жамандық ойламайтындардың қатарынан. Сондықтан, қасқырдың алдына тастай салды деп те айта алмайсың. Бірақ, Вон Александердің «Main Events» промоутерлік орталығының боксшысы екендігін ескерсек, олар да өз шәкірттерінің жылдам өскенін қалайды. Жекпе-жек сегіз раундқа жоспарланып отыр. Бір-бірінің әлеуеттерін әбден зерттеп барып, келісімшартқа отырған боксшылар, шамасы, «не бел, не белбеу» кетеді деп шешсе керек. Егер жерлесіміз жеңіп жатса, онда оның кәсіпқой бокстағы рейтингі бірден қарыштауы тиіс. Біздің болжамымыз осылай.