Геннадий Головкиннің Қазақстандағы жекпе-жегін қашан көреміз?

2018 ж. 29 маусым
Геннадий Головкиннің Қазақстандағы жекпе-жегін қашан көреміз?

Ақордада Елбасының қабылдауында болған Геннадий Головкин мемлекет басшысына өзінің барлық чемпиондық белбеулерін сыйға тартты. Өз кезегінде Нұрсұлтан Назарбаев боксшыға Қазақстанда жекпе-жек өткізуге көмектесетіндігін айтты. Сонымен, Головкиннің айқасын Сарыарқа төрінде көретін күн жақындады ма?

Жалпы, шыны керек, Triple G ешқашан Елбасының қолдауына кенде болмаған. Мемлекет басшысы боксшыны үнемі қолдап, әр жеңісінен кейін құттықтау жолдап отырады. Америкадағы айқастарда қазақстандық ірі компаниялардың демеушілік жасап отырғандығы да тікелей Нұрсұлтан Назарбаевтың нұсқауымен екендігі де жасырын емес. Осы кездесуінде «егер Қазақстанда жекпе-жек өткізуге мүмкіндік туып жатса, өз септігімді тигізіп, көмектесемін» деп те айтты.

– Отандастарың сенің әрбір қадамыңды қалт жібермей, әр жекпе-жегіңде жанкүйер болып отырады. Сен мақтан тұтамыз. Қыркүйек айында сені маңызды айқас күтіп тұр сәттілік. Еңбегіңді лайықты бағалаймыз. Егер Қазақстанда жекпе-жек өткізуге мүмкіндік туып жатса, өзім мұрындық болып, өтуіне көмектесемін, – деді ҚР Президенті.

Өз кезегінде Triple G да қарап қалған жоқ. «Егер бәрі сәтімен болса, Қазақстанда жекпе-жек өткізу жоспарда бар. Біздің халқымыз мұндай айқасты көруге лайық. Бәріне де қызық болады деп ойлаймын», – деді Головкин.

Ал Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл кездесуде өзінің де болғанын айтып, Елбасының тапсырмасы бойынша жұмысқа кірісіп кеткендігін де жеткізді.

– Қазақстанда жекпе-жек өткізуге ниет білдіріп отырғаны үшін оған алғыс айтамыз. Мемлекет басшысының қабылдауынан кейін өзіміз жеке сөйлесіп, біраз сұрақтарды талқыладық. Енді қалғанын менеджерлерімен шешеміз, – деді министр.

Сонымен, Головкин Қазақстанда жекпе-жек өткізуге қаншалықты құштар? Қашан көреміз? Әлбетте, оның бірінші кезектегі мақсаты – 15 қыркүйек күні Сауль Альваресті жеңу. Егер жеңіліп қалса, онда оның айқасы әлемде ғана емес, елімізде де аса қызық болмай қалатыны түсінікті. Сондықтан, бұл мәселеге қыркүйек айында қайта оралған дұрыс-ау.

Текст: Sadvakas Maikibayev