Геннадий Головкин Қазақстан кәсіпқой боксшыларының Р4Р рейтингінде көш бастады

2017 ж. 15 қараша
Геннадий Головкин Қазақстан кәсіпқой боксшыларының Р4Р рейтингінде көш бастады

Diamond Ring сайты қазақстандық кәсіпқой боксшылардың екінші Р4Р рейтингін түзді. Бұл жолы көш басына Геннадий Головкин шықты.

Өткен аймен салыстырғанда үздік ондықтағы боксшылар өзгермеген. Дегенмен, өткен айдағы рейтингте көш басында болған Жанат Жақиянов Лондонда өткен соңғы жекпе-жегінде ирландиялық Райан Барнеттен жеңіліп қалғаннан кейін бірден екі сатыға төмен сырғып, үшінші орынға түсіп қалған. Көш басына Геннадий Головкин орнығып, екінші орынға Қанат Ислам көтерілді.

Естеріңізге сала кетейік, Diamond Ring сайты қыркүйек айында жаңа жоба бастап, елімізде Р4Р боксшылардың үздігін анықтайтын рейтингті қолға алған болатын. Бұл үшін кәсіпқой бокстың қасында жүріп, елімізде спорттың осы түрінің дамуына ат салысып жүрген 10 сарапшы маман таңдап алынды. Оларға алдымен қазақстандық кәсіпқой боксшылардың тізімі ұсынылады. Сарапшылар солардың ішінен өздерінің ТОР-10 боксшысын түзулері тиіс.

Сауалнама қорытындысы бойынша, әр маманның ТОР-ондығында 1-ші орын алған боксшы 10 ұпай еншілесе, 2-орын иегері – 9 ұпай алады. Үшінші орын – 8 ұпай, 4-орын – 7 деп кете береді.

Өткен айдың Р4Р рейтингімен мына сілтеме бойынша танысуға болады.

Текст: Sadvakas Maikibayev