Флойд Мейуэзер 20 жасар жапон жігітімен төбелеспек

2018 ж. 5 қараша
Флойд Мейуэзер 20 жасар жапон жігітімен төбелеспек

Кәсіпқой жекпе-жегінің барлығында жеңіске жетіп, өткен жылдың тамызында былғары қолғабын шегеге ілген даңқты Флойд Мейуэзер үлкен айқасқа қайта оралмақ. Желтоқсанның 31-і күні Жапонияның Сайтама қаласында төбелеседі.

Бұл кездесу boxrec.com сайтының жекпе-жектер кестесінде жоқ. Тіркелмейді де. Өйткені, Флойд бұл жолы бокстың емес, ММА ережесі бойынша төбелеспек. Ал қарсыласы жамбасы жерге тимеген, жауырыны жер иіскемеген жапониялық жас батыр Теншин Нацукава.

– Мен өзімді басқа қырымнан тексеріп көргім келді. Ғұмырымда АҚШ-тан тысқары жерде айқасып көрмеппін. 50 кездесуімнің барлығын өз отанымда өткіздім. Сондықтан, Америкадан тысқары жерде де айқасып, өз мықтылығымды әлемге тағы бір рет паш еткім келеді. Бұл өзі ерекше төбелес болмақ. Мен жақсы жұдырықтаса білемін және күресте де әлсіз емеспін. Не боларын көреміз. Миым қандай бұйрық берсе, қол мен аяғым соны жасай алады. Бәрі де психологиялық дайындығыма байланысты болмақ, – деді осыған орай өткен Сайтамадағы баспасөз мәслихатында Мейуэзер.

Қарсыласы жайлы айта кетейік. Небәрі 20 жастағы Теншин Нацукава бүгінде Жапонияның ең мақтаулы батырларының бірі саналады. Атағы жер жарып тұр. Кішкентайынан төбелесте қаймықпапты. Бала кезінен-ақ фанаттарын тауып үлгерген. Атағын көз алдыңызға елестету үшін өзіңіздің 15 жасар ұлыңыз болса, соған бір қарап қойыңызшы. Компьютер алдында атыспақ ойнап немесе журнал үстелінде тапжылмай сабағын оқып отырған шығар. Ал Теншин бұл жасында өзінің кәсіпқой кикбоксингтегі алғашқы айқасын өткізіп, қарсыласын нокаутқа түсірген екен. Сол кезде-ақ жанкүйерлер «болайын деп-ақ тұр екен» десті. Кикбоксингпен қатар каратэні де жақсы меңгерген. Өзі солақай. Төбелескенде «Мортал комбат» кейіпкерлері жайында қалады. Мәселен, кикбоксинг турнирінде өткізген мамыр айындағы жекпе-жегінде ол қарсыласын етпетінен құлап бара жатқандай әрекет жасап, аяқпен бастан теуіп, нокаутқа түсірген. Мұндай әдісті сіз ешбір play station ойынынан да көрмейсіз. Бүгінде кикбоксингте 27 айқас, аралас жекпе-жекте 4 төбелес өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Бүгінде танымалдығы жөнінен UFC-ді 10 орап алатын Жапонияның атышулы Rizin жобасының аясында төбелесіп жүр.

Міне, Нацукава туралы қысқаша ақпарат осындай. Әйтсе де, Мейуэзермен салыстырғанда бойы 11 сантиметрге қысқа және 56,7 келі салмақ дәрежесінде төбелесіп жүр. Өз кезегінде Флойд сонау 2005 жылдан бері 66,7 келіден төмен түсіп көрмеген. Ал екеуінің жекпе-жегі 37 мың көрермен сиятын «Сайтама Супер Арена» кешенінде өтеді.

Айтпақшы, бұл Флойдтың соңғы төбелесі емес секілді. Келесі жылдың көктемінде Мейуэзер Мэнни Пакьяомен қарымта айқас өткізуі әбден мүмкін.

Текст: Sadvakas Maikibayev