Фернандо Варгастың салмағы Бекман Сойлыбаевтан ауырлау болып шықты
Бүгін АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында қазақстандық боксшы Бекман Сойлыбаевтың қатысуымен өтетін кәсіпқой бокс кешінің салмақ өлшеу рәсімі өтті.
Айта кетейік, Golden Boy Promotion ұйымдастыратын кештің басты жекпе-жегінде америкалық қос мықты Габриэль Росадо (23-11, 13КО) мен Глен Тапиа (23-4, 15КО) арасында өтеді.
WBC International чемпиондық белбеуінің иегері Бекман Сойлыбаевтың қарсыласы – мексикалық Фернандо Варгас (32-12-3, 21КО). Жерлесіміз чемпиондық белбеуін екінші рет қорғайды.
Салмақ өлшеу қорытындысы бойынша екі боксшы де екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесінің лимитін орындады. Бекманның салмағы – 129 фунт, яғни 58,5 келіні болса, қарсыласы 300 грамға ауыр болып, 58,8 келіні көрсетті.
Айқас 20 қазан күні Астана уақытымен таңертеңгі сағат 7:00-де басталады. Кабельдік жүйе арқылы әлемнің 200 еліне таралатын ESPN телеарнасы тікелей эфирден жұмысын жүргізеді. Ал қазақстандық жанкүйерлер жекпе-жекті «Хабар» телеарнасынан тікелей эфирден тамашалайды.
Өз кезегінде Бекман Сойлыбаев Лос-Анджелесте әйгілі бапкер Эрик Браунның қарамағында екі ай оқу-жаттығу жиынын өткізген. Кәсіпқой бокста 11 рет шаршы алаңға шығып, барлығында жеңіске жеткен. Төрт қарсыласын нокаутпен ұтқан.