«Diamond Ring» және «Қазинформ» серіктестік меморандумға қол қойды

2018 ж. 6 сәуір
«Diamond Ring» және «Қазинформ» серіктестік меморандумға қол қойды

Бүгін Астанада «Diamond Ring» промоутерлік компаниясы мен «Қазинформ» халықаралық ақпарат агенттігі өзара серіктестік меморандумына қол қойды.

Меморандумның қорытындысы бойынша, «Қазинформ» агенттігі «Diamond Ring» промоутерлік компаниясына ақпараттық қолдау көрсетіп, боксшылары Бекман Сойлыбаев пен Айдар Шәрібаев жайлы тұрақты түрде жаңалықтар мен мақалалар жариялап отыратын болып келісілді.

– Жақсы ұсыныс түсті. Бірден қуана қабыл алдық. Өйткені, «Diamond Ring» елімізде тек кәсіпқой бокстың дамуына ғана емес, жастарды тәрбиелеп, салауатты өмір салтына шақыруда да көп жұмыстар атқарып жатыр. Расымен де соңғы кездері елімізде кәсіпқой бокстың жылдам қарқынмен дамып келе жатқаны қуантады. Бұрын мұндайды армандамаушы да едік, қазір боксшыларымыз өз жекпе-жектерін Лас-Вегастың таңдаулы ареналарында өткізіп, америкалық мықтыларды жеңіп қайтып жатыр. Жалпы, «Diamond Ring» барлық бастамалары құптауға тұрарлық жобалар. Сондықтан, біз өз кезегімізде kazinform.kz және sport.inform.kz сайттары арқылы осы промоутерлік компанияның барлық жаңалықтарының жаршысы болуға дайынбыз. Яғни, оқырмандарға төрт тіл, қазақ, ағылшын, орыс және қытай тілдерінде «Diamond Ring» промоутерлігі жайлы неғұрлым көбірек ақпарат жеткізіп отырамыз. Осы орайда, елімізде кәсіпқой бокстың дамуына сүбелі үлесін қосып, тоғыз атанның жүгіне татитын жұмыстарды атқарып жатқаны үшін Лашын Ерқараұлына зор алғысымызды білдіргіміз келеді. Расында да, да бұл үлкен еңбек. Бұл Меморандум үлкен серіктестіктің алғашқы бастауы деп білемін, – деді «Қазинформ» халықаралық ақпарат агенттігінің бас директоры Асқар Омаров.

Өз кезегінде «Diamond Ring» промоутерлік компаниясының жетекшісі Лашын Аймағамбетов бұл серіктестік елімізде кәсіпқой бокстың дамуына жаңа серпін беретініне сенім білдіріп, алдағы жоспарларымен бөлісті.

– 12 сәуір күні біздің боксшымыз Айдар Шәрібаев АҚШ-та чемпиондық жекпе-жегін өткізіп, екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесінде WBA Inter-Continental чемпиондық белбеуіне таласады. Қарсыласы – америкалық Эндрю Канчио. Лайықты боксшы. Рене Альварадо сынды мықты боксшыны жеңген. Сондай-ақ, аталмыш кәсіпқой бокс кешін ESPN телеарнасы тікелей эфирден көрсетпек. Бұдан да басқа бастамаларымыз бар. Оның барлығын өз уақыты келгенде біле жатарсыздар, – деді Лашын Ерқараұлы.

Меморандумға қол қойғаннан кейін қос тарап қол алысып, естелік сыйлықтармен алмасты.

Айта кетейік, «Diamond Ring» промоутерлік компаниясында бүгінде екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесіндегі боксшылар WBC International чемпионы Бекман Сойлыбаев пен Айдар Шәрібаев бар.

Текст: Sadvakas Maikibayev