Diamond Ring боксшылары Виктор Демьяненконы мерейтойымен құттықтады

2018 ж. 9 қыркүйек
Diamond Ring боксшылары Виктор Демьяненконы мерейтойымен құттықтады

Бүгін қазақ боксының даңқты тұлғасы, Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті Демьяненко Виктор Леонидович 60 жасқа толды. 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегерін Diamond Ring боксшылары да құттықтады.

Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының Алматыда ұйымдастырған салтанатты шарасына Олимпиада чемпиондарынан бастап қазақ боксының барлық балқаймақтары жиналған еді. Құрметті қонақтардың арасында Diamond Ring боксшылары Бекман Сойлыбаев пен Айдар Шәрібаев та болды.

– Әлбетте, біз Виктор Леонидовичтің жекпе-жектерін көрген жоқпыз. Бірақ ол туралы бала кезімізде газет-журналдардан көп оқыдық, деректі фильмдер көрген едік. Балуан Шолақ спорт сарайында өзге боксшылармен кездесіп, әңгіме-дүкен құрып, бір жасап қалдық, – деді Бекман Сойлыбаев.

Расында да, Балуан Шолақ спорт сарайы бокс жұлдыздарына толып кетті. Қазақ боксының бүгінгі мақтаныштарынан бөлек, оңтүстік астанамызға бұрынғы одақтас мемлекеттерден Виктор Демьяненконың замандастары да келіп, құттықтауларын жеткізіп жатты. Ал Diamond Ring промоутерлік орталығының тағы бір боксшысы Айдар Шәрібаев ол туралы былай деп ой бөлісті.

– Виктор Леонидовичтің кезінде менің салмағымда (60 келі) жұдырықтасқанын білемін. Дәл осы салмақта Мәскеу Олимпиадасының күміс жүлдегері атанған. Өзім оның жекпе-жектерін ғаламтордан қарап, техникасына сүйсінетінмін. Сүйікті боксшыларымның бірі. Ал қазір білікті менеджер, – деді Айдар.

Diamond Ring промоутерлік орталығы Демьяненко Виктор Леонидовичті туған күнімен құттықтап, деніне саулық, отбасына береке, шаңырағына шаттық тілейді.

Текст: Sadvakas Maikibayev