Canelo VS Triple G – Кім қанша пайда тапты?
Араға 10 күн салып Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы айқастан қанша табыс түскені туралы ресми мәлімет белгілі болды. Қайсысы қалтасын қаншалықты қомпайтты?
Былтыр бірінші жекпе-жектерінен кейін Геннадий Головкиннің командасы шамамен 25 миллиондай табыс тапса, Сауль Альварестің қалтасы 35 миллионға қомпайған. Биыл да Головкиннің есебіне осынша түсіпті. Бірақ, Саульдің еншісіне былтырғыдан бес миллионға аз тиген. Айта кету керек, промоутерлерімен өзара келісімшарт бойынша мексикалық боксшы әр жекпе-жектен кейін табыстың 30 пайызын «Голден бойға» береді екен. Ал Головкин әр айқастан түскен пайдасының жартысын, тіпті одан көбін Том Леффлердің қолына ұстатады деген сыбыс бар. Бұл нақты ақпарат емес, бірақ цифр осыған жақындау.
Былтыр PPV көрсетілімнің сатылымынан 91 миллион доллар пайда түскен. Сарапшылар 1,3 миллион PPV көрсетілімінің сатылғанын санаған еді. Биыл PPV көрсетілім 1,5 миллионға жетеді деп күтілген. Бірақ, бұдан әлдеқайда аз болды – 1,1 миллион. Соған қарамастан, пайдасы былтырғыдан асып түсіп, 94 миллион долларды құрады. Мұның себебі неде? Былтыр бір PPV-дің бағасы 70 доллардан тұрған. Биыл 15 долларға қымбат тұрды. Нақты айтсақ, АҚШ-та жекпе-жекті өз үйінде көргісі келген әр көрермен эфирді тікелей эфирден тамашалау үшін 84,95 доллар төлеуі тиіс болды. Дегенмен, PPV көрсетілімнен түскен табыстың 42,5 пайызы ғана боксшылардың еншісіне тиесілі. Қалған 57,5 пайызы (7,5 пайызы НВО телеарнасына, 50 пайызы операторларға) көрсетілім мамандарының гонорары. Сонымен, 94 миллионның 57,5 пайызын алып тастасақ, шамамен 40,5 миллион доллар қалады.
Сондай-ақ, билеттерден түскен табыс та есептелді. 20 мың адам сиятын Т-Mobile аренасында биыл да былтырғыдай ине шаншар орын болған жоқ. Бірақ, бұл жолы 16 732 билет қана сатылған. Қалғаны қайырымдылық ретінде тегін таратылыпты. Сондықтан шығар, былтыр 27 миллион 59 мың доллар табыс түссе, биыл 23 473 500 долларға қанағат білдіріпті. Мұның 10 пайызы аренаның қызмет көрсетушілеріне кететінін ескерсек, қалатыны 21 126 150 доллар.
PPV мен билеттен түскен пайданы қосқанда шамамен 61 636 000 доллар шығады. Бұған тікелей көрсетілімді өзге елдерге сатқандағы пайданы қосыңыз. Бұл тағы плюс 3 миллион доллар деген сөз. Сонда барлығы 64 636 000 доллар. Оның 10 миллионын әу бастағы келісім бойынша екі боксшы теңдей бөліп алады. Ал қалған 54 миллион 636 мыңын қос боксшының командасы 45/55 пайыздық келісім бойынша бөліспек. Головкиннің командасына тиетіні шамамен 24 586 000 доллар. Оның жартысын Triple G Том Леффлерге бөліп беруі тиіс.
Сонда бұл жекпе-жектен жерлесіміз 17 293 миллион доллар пайда тапты деген сөз. Біз әлі Геннадийдің жарнамадан тапқан табыстарын білмейміз. Ал Альварес өзіне тиесілі табыстың 30 пайызын «Голден бойға» бөліп бергеннің өзінде 21 035 000 доллардай қалтасында сақтап қалады.
Әлбетте, цифрлардан қателесуіміз де әбден мүмкін. Бірақ, ғаламтор беттерінде жүрген мәліметтерді қосқанда осындай сандар шығып отыр. Ал үшінші айқас қаншалықты табысты болар екен?