Болат Манкенов – Жақсы боксшы төрт-бес жылда нәтиже бере бастау керек
Қазір Қазақстанда кәсіпқой бокс жақсы қарқынмен дамып келеді. Промоутерлік компаниялар да көптеп ашылуда. Өз жерімізде жүргендерді айтпағанда, шетелде жұдырықтасып жүрген жігіттеріміз де жетерлік. Ал боксшы нәтижесін беру үшін оған неше жыл инвестиция құю қажет? Бұл туралы белгілі промоутер Болат Манкенов өз пікірін білдірді.
– Кеше ғана әуесқой шаршы алаңда жұдырықтасып жүрген боксшыны кәсіпқой шаршы алаңға шығара сала, одан нәтиже талап ету дұрыс емес. Кез келген жобаның өз жоспары болуы керек қой. Төрт-бес жылға жоспар құрып, оны қалай жетелейтініңді есептейсің. Алдымен инвестиция құю қажет. Бұл да бизнес қой. Өнім алу үшін бірінші өзің оның бабын келтіруің керек. Әуелі рейтингтік жекпе-жектерге шығарып, бабы келгенде чемпиондық айқасқа шығарасың. Төрт-бес жыл инвестиция құйып, нәтижесін күтіп, ең соңында содан пайда көре бастайсың.
– Ал егер осы аралықта боксшы сенімді ақтамай, қаржылай пайда әкелмесе, онда онымен қоштасу қажет пе?
– Жоқ, егер инвестиция құйған боксшың сенімді ақтамаса, онда бұл промоутердің кінәсі. Демек, ол бір жерден қателесті, дұрыс есептемеді. Бір жерде аяп қалды, бір жерде асыра сілтеп жіберді деген секілді себептер көп. Ешнәрсе біржақты болмайды. Жоба жемісін беру үшін боксшы да, бапкері де, промоутері де тұтас команда бола білуі тиіс.