Бивол Бетербиевте кеткен есесін қайтарды

Қырғызстанда дүниеге келген, қазір Ресей атынан шығып жүрген боксшы Дмитрий Бивол Эр-Риядта өткен титулдық жекпе-жекте бұл күндері Канада азаматтығын алған шешен жігіті Артур Бетербиевтен есе қайтарды.
Жекпе-жекте жартылай ауыр салмақтағы абсолютті әлем чемпионы атағы (79,4 кг-ға дейін) сарапқа салынды. Бұл атаққа Бетербиев 2024 жылғы қазан айындағы бірінші кездесуде Биволды төрешілер шешіммен жеңіп, қол жеткізген еді.
Алғашқы кездесумен салыстырғанда Бивол бұл жолы шаршы алаңда ширақ көрінді. Нақты мақсаты бар боксшы екенін байқатты. Бетербиев 12 раундтың тек бірнешеуінде ғана қарсыласына төтеп бере алды.
Бетербиев жекпе-жектің бастапқы раундтарында көзге түсе алмағанымен, төртінші және бесінші раундтарда есін жинап, тізгінді өз қолына алуға тырысты. Бірақ одан соң Биволдың бенефисін байқадық. 34 жастағы Дмитрий жастығы мен жылдамдығын тиімді пайдаланды. Ал Артур үшін басты артықшылық – ауыр соққылары болатын. Дегенмен оның жойқын соққылары көбіне Биволдың қорғанысынан аса алмай жатты.
Соған қарамастан, қапталдағы үш төрешінің біреуі тең нәтиже тіркеген. Қорытынды есеп – 114-114, 116-112, 115-113.
Осылайша Дмитрий Бивол жартылай ауыр салмақта IBF, WBC, WBO, WBA және The Ring белбеулерін түгел жеңіп алып, әлемнің абсолютті чемпионы атанып отыр. Бұл атақ бұған дейін Бетербиевке тиесілі еді. Сондықтан оның тағы да қарымта матч талап етуіне құқығы бар, яғни жанкүйерлер жақын уақытта расымен де трилогия көруі әбден ықтимал.
Артур Бетербиев карьерасында алғаш рет жеңіліп отыр. Ол Биволмен үшінші рет жолығып, трилогия жасауға қарсы емес екенін жеткізді.
«Төрешілердің шешімі туралы айтқым келмейді. Биволды құттықтаймын. Бірінші жекпе-жекте мен жеңіске жетті. Екіншісінде қарсыласқа жол бердім. Меніңше, алғашқы жекпе-жекке қарағанда бұл жолы қызықты өтті. Енді менің камбэк жасайтын кезім келді. Жалпы екінші рет кездесуге шыққым келмеген. Бұл менің таңдауым емес. Енді үшінші жекпе-жек? Бұл да маған емес. Дегенмен осы жолы триология жасауға дайынмын», - дейді Артур Бетербиев.