Бернард Хопкинс – Айдар Шәрібаевтың қарсыласы өте тәжірибелі, жекпе-жек қызық болады

2018 ж. 12 сәуір
Бернард Хопкинс – Айдар Шәрібаевтың қарсыласы өте тәжірибелі, жекпе-жек қызық болады

Әйгілі Бернард Хопкинс ертеңгі жекпе-жек кешінің қарсаңында Айдар Шәрібаевпен кездесіп, жерлесімізге «батасын» берді.

Калифорниядағы салмақ өлшеу рәсімінен кейін Бернард Хопкинс қазақстандық боксшының командасы орналасқан бөлмеге кіріп, жерлесімізбен және оның бапкерлер алқасымен біраз әңгімелесті. Өзінің кәсіпқой рингтегі тәжірибесімен бөлісіп, Айдардың бокстағы карьерасына үлкен үмітпен қарайтынын білдірді.

– Бүкіл әлем боксшыларының назары ертең Калифорнияға ауады. ESPN телеарнасы тікелей эфирден көрсетіп, залға кіл мықтылар жиналады. Сондықтан, бұл Шәрібаев үшін үлкен мүмкіндік. Оның үстіне, қарсыласының да өте мықты екенін білеміз. Эндрю Канчио – тәжірибесі зор боксшы. Ал Айдар кәсіпқой бокста жеті-ақ жекпе-жек өткізген. Негізі, мұндай шебер боксшымен кездесуге асықпай қоя тұру қажет еді. Дегенмен, бұл да Шәрібаевтың жеңіске деген жігерлігін көрсетеді, – деді Бернард Хопкинс.

Жалпы, кәсіпқой бокста 1988 жыл мен 2017 жыл аралығында 65 айқас өткізіп, соның 55-інде жеңіске жеткен және екеуінде тең түскен әйгілі Бернард Хопкинс былғары қолғабын шегеге ілгеннен кейін телевизия саласына бет бұрған болатын. Ертең 53 жастағы супержұлдыз «Golden Boy» промоутерлік орталығының ұйымдастыруымен өтетін кәсіпқой бокс кешінде ESPN телеарнасы арқылы тікелей эфирде комментатторлық етеді.

Естеріңізге сала кетейік, кештің басты айқасында мексикалық Франсиско Варгас (24-1-2, 17 KO) пен америкалық Род Салька (24-4, 4 KO) шаршы алаңға шығады. Екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесінде өтетін бұл айқас 10 раундқа жоспарланып отыр. Ал басты андеркартында қазақстандық Айдар Шәрібаев (7-0, 6КО) америкалық Эндрю Канчиомен (17-4-2, 13 КО) айқасып, екінші жартылай жеңіл салмақ дәрежесіндегі WBA Inter-Continental белбеуін сарапқа салады. Қазақстандық жанкүйерлер бұл жекпе-жектерді ертең, яғни 13 сәуір күні таңертең «Setanta Қазақстан» телеарнасы арқылы тікелей эфирден тамашалай алады.

Текст: Sadvakas Maikibayev